«Самұрық-Қазына» Моңғолия ұлттық қорына активті басқару тәжірибесін ұсынды
«Самұрық-Қазына» Моңғолияның ұлттық әл-ауқат қорына активтерді басқарудағы тәжірибесін көрсетіп жатыр.
Екі күндік уоркшоп барысында корпоративтік басқару, инвестициялық портфель, адами капитал және сатып алу жүйесі бойынша қазақстандық тәжірибе таныстырылады. Бұл – екі елдің ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеретін бастамалардың бірі.
Қазақстан мен Моңғолия арасында ұлттық активтерді басқару саласындағы тәжірибе алмасу басталды. Қос ел бұл жұмысты көктемде бастаған еді. Сәуір айында Моңғолия президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында «Самұрық-Қазына» мен Моңғолияның ұлттық әл-ауқат қоры арасында ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойылған. Ал бүгін сол келісім нақты іске асып отыр.
Салтанат Сәтжан, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры:
- Бұл воркшоп барысында «Самұрық-Қазынаның» корпоративтік басқару, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, инвестициялық портфельді басқару, адами капиталды басқару және сатып алу салаларындағы практикалық тәжірибемізбен әріптестерімізбен бөлісеміз. Атап өткен жөн, бұл біздің бірінші воркшопымыз емес. Бірнеше жыл бұрын әзербайжандық әріптестерімізге, атап айтқанда, әзербайжандық инвестициялық холдингке де осындай воркшоп өткізген болатынбыз.
Екі күндік кездесуде моңғолиялық мамандар «Самұрық-Қазынаның» жұмыс жүйесімен танысады. Қазақстанның алып ұлттық холдингі бұл бағытта тәжірибесі мол. Енді оның тиімді тетіктері шетелдік әріптестерге ұсынылып отыр.
Баярдаваа Баярсайхан, «Chinggis Khaan Sovereign Wealth Fund Holding» LLC жобалар жөніндегі директоры:
- Біз воркшоп аясында корпоративтік басқарудан бастап, бірқатар мәселе бойынша өзімізге пайдалы тұжырымдар жасадық. Қазіргі таңда біз компанияны қайта ұйымдастырып, қайта құрылымдап, мемлекеттік активтерді басқаратын холдингке активтерді басқару бағытын қосып жатырмыз. Сондықтан соңғы 20 жылда жинақтаған тәжірибесімен бөліскен «Самұрық-Қазына» басшылығына алғысымызды білдіреміз.
«Самұрық-Қазына» шамамен 88 млрд АҚШ долларын құрайтын активтерді басқарады. Бұл тұста қор мамандары тәжірибелік тәсілдермен қатар активтердің ірі әртараптандырылған портфелін басқару қадамдарын ортаға салды.
Авторы: Айнұр Қуатқызы