Ақмола облысында алтын өндіретін фабрика салынады

Ауқымды жобаны RG Gold компаниясы қытайлық инвесторлармен бірлесе жүзеге асырып жатыр. 

Өндіріс ошағына тартылған инвестиция көлемі шамамен 600 млн АҚШ долларын құрайды. Бүгін алтын зауытының алғашқы кірпіші қаланып, капсуласы салынды. Жаңа алтын өндіру нысаны Бурабай ауданының аумағында бой көтереді. Бұл RG Gold компаниясының екінші фабрикасы болмақ. Өндіріс ошағында төрт жүзге жуық жаңа жұмыс орны ашылып, алтын өндірісінің көлемі екі есеге ұлғаяды.

Марат Шаймарданов, «ZIJIN RG GOLD» компаниясының бас директоры:

- Біз екінші фабриканы іске қосып, жылына кен өндіруді 16-17 млн тоннаға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Осылайша, алтын өндірісін бір жылда 12 тоннаға дейін арттырамыз.

Бір ерекшелігі – өндіріс ошағы қоршаған ортаға зиян тигізбейді. Мамандар экологиялық заңнамаларды қатаң сақтағандарын айтады.

Марат Шаймарданов, «ZIJIN RG GOLD» компаниясының бас директоры:

- Қазір біздің жобамызда қоршаған ортаға зиян келтірмеуге қатысты көптеген маңызды ұсынымдар еңгізілілді. Оның ішінде суды үнемдеу, шаң-тозаңның аздығы сияқты бастамалар бар. Біз оны толығымен орындаймыз.

Ақмола облысы алтын өндіруден республика бойынша көш басында тұр. Өйткені алтын шығатын кең орындарының алпыс пайыздан астамы өңірдегі ірі кәсіпорындардың үлесінде.

Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:

- Кірпіш сияқты слитоктардың 55 пайызы осы Ақмола облысының алтынынан шығарылады. Сондықтан бұл жерде біздің үлесіміз, мемлекетке қосып отырған үлесіміз өте зор. Сондықтан әрине, бұл – үлкен жоба. Айтып кеткендей, оның қосылған құны да осы жерде қалады. Бұл салық түсімдерін арттыруға және тұрақты жұмыс орындарын құруға септігін тигізеді.

Айталық, жаңа өндіріс ошағының құрылысы тек аймақ үшін ғана емес, бүкіл ел үшін стратегиялық маңызға ие. Кәсіпорынды 2028 жылы іске қосуды жоспарлап отыр. 

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко

Сондай-ақ оқыңыз: