Елде 160 дәрігерлік амбулатория салынды
Халықты тегін дәрі-дәрмекпен уақытылы қамтамасыз ету мақсатында алты өңірде СҚ-Фармацияның логистикалық орталықтары мен қоймалары салынады.
Алғашқысы келесі жылы Ақтөбе өңірінде іске қосылмақ. Ауыл-аймақтағы медициналық көмек сапасы да жақсарып келеді. Президент Жолдауында тапсырылғандай, бұған жаңадан бой көтерген денсаулық сақтау нысандары сеп болды. Мәселен, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елде 160 дәрігерлік амбулатория салынды.
Нұресіл ауылындағы жаңа амбулаторияның стационарына келушілердің бірі – Светлана Қалибекова. 75 жастағы қария отадан кейінгі ем-домын алысқа бармай-ақ осы жерден алып жүр. Қажетті қан талдауын тапсырып, физиотерапияны үздіксіз қабылдап жүргеніне дән риза. Өйткені мұнда ем-шара, оңалту кабинеттері сияқты бәрі қарастырылған. Ал бұған дейін тиісті көмек алу үшін Нұресіл ауылының тұрғындары аудан орталығына баратын.
Светлана Қалибекова, Нұресіл ауылының тұрғыны:
- Ішінде құрал-жабдықтары, бәрі жаңа. Жаңадан істелген. Бізге ұнайды. Ішінде система аламыз. Анализ тапсырамыз. Қай күні кел дейді дәрігерлеріміз өте тамаша. Жылы лебізбен қарсы алып, сондай жақсы қабылдайды. Бізге ем қонып жатыр.
«Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының аясында бір ғана Ақмола өңірінде заманауи құралдармен жабдықталған 30 медицициналық нысан бой көтерді. Жалпы, елдегі медициналық инфрақұрылымды жаңғырту мақсатында соңғы жеті жылда 1200-ден астам мекеме салыныпты. Бүгінде құны 108 млрд теңгеге жуықтайтын 51 нысанның құрылысы жоспарланған.
Дәулет Жақыпбаев, ҚР ДСМ Инвестициялық саясат жөніндегі департамент директорының орынбасары:
- Құрылыстан бөлек, бұл сомаға отандық өндірушілердің электрокардиография деген сияқты құрал-жабдықтары алынады. Жер-жердегі амбулаторияда оңалту-сауықтыру кабинеттерін ашу, немесе ауыл-аудандарға қажет КТ, МРТ, ангиограф құралдарын алғызу жоспарда бар. Яғни бұдан былай ауданаралық ауруханалар жоғары сапалы медициналық көмек көрсетуге қажетті қондырғылармен жабдықталады.
Жаңа жабдықпен жұмыс істейтін білікті кадр мәселесі де жүйелі шешімін тапқан. Мысалы, Абзал Бәйдібек Астанадағы оқуын тәмамдаған соң «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Нұресіл ауылындағы амбулаторияға жіберілген екен.
Абзал Бәйдібек, жалпы тәжірибелік дәрігер:
- Келген уақытта осы ауылдың әкімшілігі және осында кәсіпкерлердің көмегі болды. Алғаш келген кезде осында жатын орынмен қамтамасыз етті. Алғашқы келген кезде жұмыс жасаған орында енді ескі Совет одағынан келе жатқан амбулатория болып табылды. Биылдан бастап мемлекеттік арқасында үлкен-үлкен ғимарат салып отыр, мұнда бүкіл жабдықтар бар. Былай айтқанда жұмыс істеуге жеңіл.
Медицина саласындағы стратегиялық маңызды міндеттің бірі – халықты қажет дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Осы ретте, тегін және жеңілдетілген жүйе бойынша дәрілерді қамту мақсатында СҚ-Фармация алты өңірде жеке қойма ашпақ ниетте. Жоспар бойынша алғашқысы келесі жылы Ақтөбе облысында іске қосылады.
Кемал Нияз, «СҚ-Фармация» ЖШС атқарушы директоры:
- Дәрі-дәрмекпен уақытылы қамтамасыз ету үшін біріншіден осы жылы 2027 жылға сатып алу рәсімін үш ай ерте бастадық. Яғни 27 жылдың бірінші жұмыс күндерінен бастап барлық өңірлердің медициналық ұйымдарына дәрілік заттрадың жеткізілуі, қамтамасыз етулі жүргізіледі.
Биыл елдегі 1800-ден астам медициналық ұйымға екі мыңнан астам дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар жеткізілуде. «Жылдан жылға бұл көлем ұлғайып келеді», - дейді СҚ-Фармациядағылар. Жалпы ұлт саулығын жақсартуға бағытталған мемлекеттік саясат инфрақұрылымды дамыту, кадрларды даярлау, дәрімен қамту сияқты бірнеше бағытты қамтыған. Себебі уақытылы әрі сапалы медициналық көмек халықтың өмір сүру ұзақтығына бірден бір ықпал ететін көрсеткіш.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Бағдат Қайыркен, Жандос Битабаров