Екі мың электросамокат коммуналдық тұрақтарға қойылды
Астана полициясы электросамокатшыларға бақылауды күшейтті. Бұдан былай қосдөңгелекті көлік құралымен жаяу жүргіншілер жолағына жолауға болмайды.
Мұндай талап осыдан 10 күн бұрын қабылданды. Алайда ережені елемей, шекеден қарағандарға хаттама толтырылып айыппұл салынады. Бүгінде 700-ге жуық самокатшы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 2 мыңнан астам электросамокат коммуналдық тұрақтарға қойылды. Техниканы жүргізу үшін азамат 18 жасқа толуы керек. Жүргізуші куәлігі болуы қажет. Сонымен қатар қорғаныс дулығасын және кешкі уақытта жарық шағылыстыратын арнайы жилет киюі тиіс. Бір мезетте екі адамның мінуіне де тыйым салынған.
Ержан Әділбеков, қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары:
- Астана қаласының полиция департаменті электросамокат жүргізушілеріне қатысты жедел алдын алу іс-шараларын жалғастырып келеді. Электросамокат пен электровелосипед жүргізушілерін жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, қойылған талапқа жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Жол белгілеріне және бағдаршамға мән беру керек. Жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілеріне кедергі жасамау қажет.