Алматыда тұрғындар ескі заттарды қайта өңдеуге тапсырып жатыр
Баллон, батарея, ескі киім-кешек пен көрпе-төсек. Алматы тұрғындары тұрмыста қажетсіз болған заттар мен зиянды қалдықтарды арнайы орындарға тапсырып жатыр.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған шараның мақсаты – қоршаған ортаны ластайтын қалдықтарды жинап, оларды қайта өңдеуге бағыттау. Шараға қала тұрғындары белсенді қатысып, ескі заттарына екінші өмір сыйлауға мүмкіндік алды.
Бүгінгі шарада тұрмыстық қалдықтан бастап, істен шыққан электроникаға дейін қабылданады. Пластик ыдыс-аяқ, көлік дөңгелегі, шыны құтылар мен металл бұйымдар да бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай экологиялық акция ай сайын өтеді. Ал кей заттарды тұрғындар арнайы жинап өткізеді екен.
Гүлдана Орақбаева, ұйымдастырушы:
- Бұл жерде тек қалдықтарды өткізіп қана қоймай, түрлі шеберлік сағатына балаларыңызбен бірге немесе өздеріңіз келіп қатыса аласыздар. Жиырмадан астам фракцияға, яғни өзіңіздің батарейкаларыңызды, киімдеріңізді және басқа да заттарыңызды өткізіп, оларға екінші өмір сыйлауға болады. Сонымен қатар заттарыңызды түрлі қайырымдылыққа тапсыруға болады.
Экологиялық акцияда табиғи өнімдер жәрмеңкесі де ұйымдастырылған. Ұсынылған өнімнің барлығы химиялық қоспасыз, консервантсыз дайындалған. Қала тұрғыны Ольга Палабацова өз ауласында өсетін жеміс-жидектен түрлі өнім әзірлеп, жәрмеңкеге алып келген. Ал босаған шыны және басқа да ыдыстарды тұрғындар қайта өңдеуге тапсыра алады.
Ольга Палабацова, қала тұрғыны:
- Біз өзіміздің бақшамызда өсірілген жеміс жидектен табиғи өнімдер дайындаймыз. Олардың барлығы – сертификатталған әрі органикалық өнім. Сондай-ақ пастила, чурчхела сияқты өнімдер де дайындаймыз. Өнімдердің барлығы қантсыз, консервантсыз және бояғыштарсыз дайындалады.
Бұл бастамаға мектеп оқушылары да атсалысты. Орбита ықшам ауданындағы бірнеше мектептің 200-ден астам оқушысы «Green School-менен басталады» атты флешмоб ұйымдастырды. Ұстаздардың айтуынша осы арқылы жас буынға тазалық пен қоршаған ортаны аялау үйретіледі.
Тоғжан Байтілес, №145 мектеп-гимназиясының аға тәлімгері:
- Бұл экофестивальдің мақсаты – жас буынды, жас ұрпақты ерте жастан табиғатты қорғауға, аялауға және үнемшілдік өздеріңнен басталады деген мотивті түсіндіру. Жауапкершілікті өздеріне ерте жастан алуды үйрету.
Жауаптылардың сөзінше, акцияға ай сайын шамамен 2 мың тұрғын қатысады. Келушілердің қатары да уақыт өткен сайын артып келеді. Бұл тұрғындарда жауапкершілік пен қажетсіз заттарды қайта өңдуге жіберу мәдениеті қалыптасып келе жатқанын білдіреді дейді.
Авторлары: Бекзат Үшкемпір, Әбен Нарымбаев