Асау үйреткен Алуа
Астананың іргесінде басын тек бір-ақ жанға ұстататын асау арғымақ бар. Адам тұрмақ, маңына жылқы жолатпайтын бұл атқа тек бойжеткен қыз ғана міне алады.
Алуа атқа шапқанда, көрген жұрт тақым қысады. Өйткені ол мінген сәйгүліктің шабысы қатты.
Фариза Жанғанаева, тілші:
- Атқа міну қазірде сәнге әрі демалыстың бір түріне айналып келеді. Алайда жылқының бәрі бірдей көнбіс емес. Ат құлағында ойнау үшін қарапайым дағдыларды меңгеру аз. Мінген жылқыңыздың мінез-құлқын зерттеп, жақсылап таныған абзал. Мысалы, бұл атты иесі «Гордый» деп атайды. Қазақшаласақ, тәкаппар. Атына заты сай.
Тұрпатынан расымен паңдық байқалады. Қасына адам түгілі, жылқы малы жақындап кетсе, жер тарпып, осқырынып тұрады. Бас білгенмен, шу асаудың өзі. Өзгеге жалын ұстатпайтын осы арғымақ тек Алуаны жатырқамайды. Аттың сыры иесіне де мәлім. Алуа қыз баласы болса да, өзгелердің жүрегі дауалай бермейтін асауды бірнеше жылдан бері өзі баптап, жарысқа өзі мініп шығады. Шабандоз ару: «Атқа жақындамас бұрын, алдымен оның көңіл күйіне назар аударған жөн», - дейді.
Алуа Ишеева, шабандоз:
- Егер ол тістей бастаса, демек көңіл күйінің жоқ екенін бірден аңғаруға болады. Бұл жаттығу қиын өтеді деген сөз. Өйткені бірбеткей, мінезі тік, ашуланшақ. Бірақ жүрегі кең деп айтсам болады. Өзіне сенген адамға ол да сенеді.
Атқа жөн білетін жан әдетте сол жағынан мінеді. Мінерде тізгінді жалмен бірге жинап ұстау маңызды. Өйткені ерге салмақ түсіп, аттың арқасына батпауға тиіс. Сосын тізгін бос болмау керек, аттың басын қатты тартпау да қажет. Ерге нық отырып, арқаны тік ұстайсыз. Құлап қалмас үшін тепе-теңдікті сақтап, тақымды берік қысу керек.
Байқаған боларсыздар, бұл атты тізгіндеу тәуекелмен тең. Әрі аттар қатты дыбыс, аяқасты қимылдан үркіп жатады. Мұндай кезде оқыстан теуіп жіберуі де мүмкін. Әлемдік ғылыми зерттеулерде бір жылқының тебісі жыртқыш акуланың шабуылынан 700 есе қауіпті деген дерек бар.
Алуа Ишеева, шабандоз:
- Басында өте қиын болды. Маған бұл аттың мінезі ауыр, қауіпті екенін бәрі ескертті. Кез келген уақытта тістеп, теуіп жібереді. Әрине, іштей қорқыныш болды, бірақ уақыт өте келе біз-бірімізге бауыр басып кеттік. Қазір мен оған 100 пайыз сенемін.
Фариза Жанғанаева, тілші:
- Жалпы атты тізгіндеу үшін алдымен ерік-жігер, одан кейін физикалық қауқардың болуы маңызды. Тіпті аттан құлаған кезде де оның өзінің тәртібі бар. Дегенмен атпен жақсы қарым-қатынас орнатуға тырысу керек. Жалынан осылай сипап қойыңыз, бұл арадағы достықты одан сайын арттыруға көмектеседі.
Авторлары: Фариза Жанғанаева, Санжар Біргебаев