Қонаевта орта жастағы 549 тұрғын жұмыспен қамтылды
Алматы облысында «Күміс жас» бағдарламасы бойынша 500-ден астам адам жұмыспен қамтылды. Жоба елуді еңсерген жұмыссыз азаматтарға зейнет жасына жеткенше нәпақа табуға мүмкіндік береді.
Бұл ретте мемлекет бағдарламаға қатысушылардың жалақысының бір бөлігін субсидиялайтынын айта кетейік.
Әлия Закериянова бұған дейін массаж жасаушы мамандығын меңгеріп, арнайы курстан өтті. Одан кейін еңбек мобилділігі орталығына жүгінген. Мамандар оған «Күміс жас» бағдарламасы бойынша лайықты жұмыс тауып берді. Әлия қазір өз мамандығы бойынша еңбек етуде.
Әлия Закериянова, қала тұрғыны:
- Мен үйде жұмыссыз отырдым. Содан жұмыспен қамту орталығына барып тіркелдім. Мына «Күміс жас»бағдарламасы жақсы болды. Барып тіркеліп, содан осы жұмысқа келдім. Осы ақпан айынан бері істеп жатырмын. Әйтеуір уақытылы ақшасы түсіп тұрады, жалақым да жақсы. Енді жұмыссыз отырғаннан жақсы, мұндай ақшаны кім береді.
Алматы облысында «Күміс жас» бағдарламасы 2022 жылдан бері жүзеге асып келеді. Оған 50 жастан асқан, бірақ әлі зейнетке шықпаған жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Олар үш жыл мерзімге жұмысқа орналастырылады. Ал мемлекет жыл сайын жұмыс берушіге жалақының бір бөлігін өтейді. Жыл басынан бері өңірде осы бағдарлама арқылы 549 тұрғын жұмыспен қамтылды.
Досжан Сейдахметов, облыстық Еңбек мобильділігі орталығының директоры:
- Біз жақтан жұмысқа олардың айлығының 129 750 теңгесін төлеп береміз. Ол айлық көрсеткіштің 70%-ын құрайды. Екінші жылы 65%-ын төлейміз және үшінші жылы 60%-ын төлейміз. Ол кісілерді біз жұмыс берушіге жіберген кезде үш жылға жібереміз. Үш жылдан кейін зейнет жасына келетін болса, зейнетке шығады. Зейнет жасына келмесе, сол жұмыс беруші жұмысқа алған өзін тұрақтыға жұмысқа алуға міндетті.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Бағдарлама орта жастағы азаматтардың еңбек нарығынан тыс қалмауына мүмкіндік береді. Өңірде мұндай жұмыс орындарының санын алдағы уақытта да арттыру жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін 50 жастан асқан тағы 565 тұрғынды жұмыспен қамту көзделген.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсембай