«Кітап оқитын ұлт» марафонына тіркелу басталды
Елде «Кітап оқитын ұлт» жалпыұлттық марафонына тіркелу басталды. Оған алтыншы сынып оқушысынан бастап, ата-ана және зиялы қауым өкілдеріне дейін қатыса алады. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жоба кітаптың маңызын арттырып қоймай, әулетті, тіпті ұлтты ұйыстыруға тиіс.
Әр қатысушы өз бағыты бойынша 330 кітап қорынан 15-ін таңдап, оқуы қажет. Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлық бар. Айта кетейік, алғашқы күні-ақ республикалық марафонға 110 мыңнан аса адам тіркелді.
Мемлекет басшысы бастамашы болған «Кітап оқитын ұлт» жобасы кітап оқу мәдениетін ілгерілетпек. Республикалық марафон мектеп, колледж, университет, педагог, әулет, мемлекеттік қызметші және «Зияткер» бағыты бойынша өтеді. Оқырманға 15 кітап ұсынылады.
Ерғазы Манапұлы, «Кітап оқитын ұлт» жобасы өңірлік офисінің өкілі:
- Бұған дейін, есіңізде болса, 100 кітапты таңдаған болып едік. Сол 100 кітаптың ішінен алынды. Қоғамға сұраныс берілген, әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Кітапханада балалар қандай кітаптарға назар аударады – ол да есепке алынды. Содан кейін кітап дүкендерінде қандай кітаптарға көпшіліктің сұранысы бар, соның бәрі сараланып келіп, 15 кітап тағайындалған. Ол жерде жас ерекшелігі де ескерілген.
Кейін жоба қатысушыларына арнайы тестер мен квестер ұйымдастырылады. Яғни игерген білімді осылай дәлелдеу керек. Үздік шыққандар «Кітап күнінде» анықталады. Жобаға тіркелу 15 қыркүйекке дейін жалғасады.
Мерей Мұратханқызы, тілші:
- Міне, назарларыңызда «Кітап оқитын ұлт» порталы. Мен жаңа ғана «Зияткер» бағытын таңдадым. Назарыма 15 кітап ұсынылған. Соның ішінде «Ұлтқа қызмет ету» Сайын Құттықадамның осы бір еңбегін таңдағым келіп тұр. Оқып болғаннан кейін тиісті сынақтан өтуім керек. Кітап бойынша портал бетінде пікір алмасуға болады, одан кейін менің қанша бәсекелесім бар екенін де білуге мүмкіндік бар. Міне, арнайы ретинг ұсынылған. Өңірлерде қанша қатысушы тіркелгенін осы жерден байқаймыз. Бүгін тіркелудің алғашқы күні, соған қарамастан, Қазақстан бойынша 110 мыңнан аса оқырман тіркеліп үлгерген екен. Соны бірі – мен.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Мейрам Жүніс