Қазақстанда көліктердің электронды паспорттарын рәсімдеу тәртібі өзгереді
Қазақстанда көліктердің электронды паспорттарын рәсімдеу және жүргізу тәртібін өзгерту ұсынылды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тиісті нормативтік құжаттарға түзетулер әзірледі, деп хабарлайды 24KZ.
Жаңа талаптар көлік құралдарына, олардың шассилеріне, сондай-ақ өздігінен жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлеріне берілетін электронды паспорттарға қатысты.
Министрліктің мәліметінше, электронды паспортты рәсімдеу тәртібі көліктің қай елден әкелінгеніне және оның Еуразиялық экономикалық одақ аумағында айналымға шығарылған күніне қарай белгіленеді.
Сонымен қатар Қазақстандағы уәкілетті органдардың ақпараттық жүйелері мен электронды паспорттар жүйесі арасында мәлімет алмасу тәртібі нақтыланады. ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің электронды паспорт жүйелерімен ақпарат алмасу тетігі де реттелмек.
Өзгерістер электронды паспорттарды рәсімдеуге құзыреті бар ұйымдарға қатысты талаптарды да қамтиды. Атап айтқанда, мұндай ұйымдарға өкілеттік беру немесе беруден бас тарту тәртібіне түзетулер енгізу көзделген.
Құжат қазір «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылды. Ұсыныстар мен пікірлерді 12 қыркүйекке дейін жолдауға болады.