Ақтөбе облысында қайтарылған активтер есебінен 11 медициналық мекеме салынды
Әлеуметтік нысандардың құрылысына қордан 14 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде шалғайдағы ауылдарда дәрігерлік және фельдшерлік пунктер ашылып, аудандық аурухана ғимараты кеңейді.
Қайтарылған активтердің қайыры тиген ауылдың бірі – Алға ауданындағы Маржанбұлақ елді мекені. Мұнда тәулігіне 45 науқасты қабылдайтын дәрігерлік амбулатория ашылды. Қазір медициналық мекеме мамандары округтің 5 мыңнан астам тұрғынына қызмет көрсетіп отыр.
Ұлзия Күшмұхамбетова, Маржанбұлақ ауылы тұрғыны:
- Біз кішкентай ғана медпунктқа баратын едік. Онда өте ыңғайсыз болды. Ал мында қазір өте таза. Дәрігерлер өте жақсы қарайды.
Дәрігерлік амбулатория мамандарына Маржанбұлақ ауылынан бөлек іргедегі үш елді мекеннің халқы да қаралады. Сондықтан медициналық мекеме ауылдық амбулаторияға тиесілі барлық құрал-жабдықпен қамтылған.
Светлана Ағзамова, Маржанбұлақ дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері:
- Дәрігерлік амбулаторияда үш дәрігер қабылдаймыз. Сонымен қатар алты медбике бар. Тұрғындарға біз алғашқы медициналық көмек, емханалық көмек көрсетіледі. Бұл емханалық көмектің ішінде бізде барлық тіркеуде тұрған науқастарға, оның ішінде диспансерлік есепте тұрған науқастарымыз бар, 18 жасқа дейінгі балалар, жаңа туған нәрестелер медициналық көмек ала алады.
Облыста қайтарылған активтер қорынан бөлінген қаражат негізінен медицина мекемелерінің құрылысына жұмсалуда. 11 ауылға дәрігерлік пункт салынып, үш аудандық ауруханаға қосымша ғимарат тұрғызылды.
Аслан Жарасбаев, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
- Қандыағаш, Шалқар, Хромтау сияқты ауруханаларға жапсарлас құрылыстарды жасап жатырмыз. Соңғы үлгідегі МРТ, КТ деген сияқты жабдықтар орналасатын болады.
Қайтарылған активтер есебінен облыс орталығында ерекше қажеттілігі бар бүлдіршіндерге арналған балабақша салынып жатыр. Әлеуметтік нысан өңірдегі ең үлкен мамандандырылған орталық болады. 300 балдырғанды қабылдайтын ғимарат қараша айына дейін тапсырылуы тиіс.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов