Семейде алғаш рет «Сарбаз жолы» рәсімі ұйымдастырылды
Абай облысында мерзімді әскери қызметке шақырылған жастарды шығарып салудың жаңа форматы енгізілді.
Салтанатты шараға 60 болашақ сарбаз қатысты. Жыл соңына дейін өңірден 1500-ден астам азаматты Әскер қатарына аттандыру жоспарланған. Бұл шара «Адал азамат - Сарбаз - Отан қорғаушы» жобасы аясында жүзеге асып отыр.
Әскери сап түзеген жастардың жүзінен толқыныс байқалады. Бүгін олар үшін өмірлеріндегі маңызды кезеңнің бірі басталды. Елімізде алғаш рет өткен «Сарбаз жолы» рәсімі әскери қызметтің негізгі кезеңдерін біртұтас дәстүрге айналдыруға бағытталған. Жиынға облыс әкімі Берік Уәли, Қорғаныс министрлігінің өкілдері, әскери қызметшілер мен ардагерлер, жастар және сарбаздардың ата-аналары қатысты.
Берік Уәли, Абай облысының әкімі:
- Қымбатты сарбаздар, сіздерге сәтті жол, мықты денсаулық, жоғары жауынгерлік рух және абыройлы қызмет тілеймін. Ел сенімін, ата-ана сенімін ақтаңыздар. Мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді тиімді пайдаланыңыздар. Біздің отанымыз бір, жеріміз бур, туымыз бір. Тәуелсіздігіміз мәңгілік құндылығымыз.
Мемлекет әскери борышын өтеген жастарға білім алуға, гранттарға ие болуға және жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ келісімшарт бойынша қызметін жалғастырып, әскери мансап құруға жол ашық. Шара барысында облыс әкімі Отан қорғаушыларға естелік кітаптар табыс етті.
Илхан Байсейітов, сарбаз:
- Патриоттық сезім, іштегі рух биік жоғарылайды. Дәрежең көтеріледі. ҚР Шекара қызметіне аттанып бара жатқан жас сарбаздармыз. Осылай салтанатты түрде шығарып салып жатқан облыс әкімшілігіне алғысымызды айтамыз.
Бүгінгі шараға сарбаздардың ата-аналары да арнайы келді.Олар ұлдарының Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, аман-есен елге оралуын тіледі.
Айжан Байтухова, Семей қаласының тұрғыны:
- «Мама, мен барамын, жұмыс істеймін, әскери қызметкер боламын», – деп кетіп бара жатыр балам. Баламды мақтан тұтамын.
«Сарбаз жолы» шарасы Семей қаласында орналасқан 28738 әскери бөлімінде жалғасты. Онда барған облыс басшысы 1000-ға жуық сарбаз борышын өтеп жатқан бөлімнің казармалық-тұрмыстық жағдайы мен оқу-жаттығу базасын көрді. Айта кетейік, күзгі әскерге шақыру науқаны қыркүйек айынан басталды. Биыл еліміз бойынша 21 мыңнан астам жасты мерзімді әскери қызметке жіберу жоспарланған. Оның 1500-ден астамы Абай облысының азаматтары.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков