Қарағанды облысында жылу құбырларының 60% тозған

Қарағандыда жылу желілерінің 60 пайызы тозған. Салдарынан ескі желіде апат жиі болады. Мәселені шешу үшін биыл 12 шақырымнан астам құбыр жаңғыртылады. Бұл жұмыстар жақында аяқталады. 

Жалпы облыс бойынша 45 жылу қазандығы мен жылу тарататын 557 автономды нысанда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. «Жылу беру маусымына дейін тапсырылады», - дейді жауаптылар.

Кеншілер даңғылындағы мына көпқабатты үй жылыту маусымына дайын тұр. Тұрғындар өткен маусым аяқталысымен, бірден дайындыққа кірісіпті. Жазбойы жертөледегі құбырларды жөндеп, есептегіш құралдарды тексерген. Владимир Крючков – тоғыз подъезді үйдің құбыр желісіне жауапты маман. Оның айтуынша, жылумен жабдықтаушы компания дайындық паспортын берген.

Владимир Крючков, слесарь:

- Барлығы дайын. Құбыр  жүйесі жуылып, лай ұстағыштар тазартылды. Сондай-ақ бұрынғы бұрандалар шарлы крандарға ауыстырылды. Енді үйге жылу тарататын құбырды жеке-жеке жабуға болады. Бұл егер қандай да бір жөндеу жұмысы болғанда ыңғайлы. Біздің үй бойынша дайындық жұмыстары шілде айында 100% орындалды.

Облыс бойынша қазір 6068 көпқабатты үй мен 1116 әлеуметтік нысанның жылыту маусымына дайындығы пысықталып жатыр. «Ал жылу тарататын нысандарындағы ағымдағы жөндеу жұмыстары жақында аяқталады», - деді сала мамандары.

Малика Омарова, Энергетика және ТҮКШ басқармасының бас маманы:

- Қарағанды облысы бойынша жылыту маусымына дайындық соңғы кезеңде тұр. Дайындық шараларының деңгейі 99,6 пайызды құрайды. Жалпы 602 жылыту көзінің дайындығы қамтамасыз етілді. Оның ішінде 45 қазандық пен 557 автономды жылыту жүйелерінің, сондай-ақ 1374 шақырым инженерлік желілердің ағымдағы жөндеуі жүргізілді.

Облыс бойынша инженерлік жылу желілерінің 60 пайызы тозған.  Биыл ұзындығы 12,3 шақырым құбырды ауыстыру үшін 8 жоба жасалды. Оның төртеуі «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша жүзеге асуда. Мысалы, Теміртаудағы ескі жылу магистралі жаңғыртылып жатыр. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары қолданысқа берілген желіде соңғы бес жылда 38 рет ірілі ұсақты апат болған. Қарағандыда да жарты ғасыр бұрын жүргізілген екі ірі магистраль жаңғыртудан өтіп жатыр.

Марат Оралбаев, мердігерлік компанияның техникалық менеджері:

- 25 қыркүйекке дейін технологиялық жұмыстарды аяқтаймыз. Мұнда, біріншіден, қолданыстағы трассаның диаметрі 630 мм болатын. Қазір – 800 мм, 700 мм, ал ең кіші диаметрі 530 мм құбырлар жүргізіліп жатыр. Бұл дегеніміз, қолданыстағы құбырмен салыстырғанда диаметрі ұлғайып отыр, сәйкесінше, өткізу қабілеті де артады.

Облыста жылу беру маусымы 1-15 қазан аралығында басталады. Нақты мерзім ауа райына және өңірлердің ерекшелігіне байланысты белгіленіп, жылу кезең-кезеңмен беріледі. Айта кетейік, жылыту маусымында облысқа 7,3 млн тоннадан астам көмір қажет. Энергетикалық станциялар отын жеткізуге қажетті келісімшарттарды жасады. «Сондықтан қатты отын уақытында жеткізіледі», - дейді жауаптылар.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит

Сондай-ақ оқыңыз: