Димаш Құдайберген танымал актерге көлік сыйлады
Қазақстандық танымал әнші Димаш Құдайберген актер Кемеңгер Оралдың туған күніне автокөлік сыйлады, деп хабарлайды «24KZ».
Кемеңгер Орал бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Оның айтуынша, туған күні мен фильмінің премьерасы қатар келген ерекше күнде Димаш Құдайбергеннің сыйлығы күтпеген тосынсый болған.
«Кеше мен үшін сондай ерекше күн болды. Туған күнім, премьераның қуанышы… Ал сол күннің ең үлкен тосынсыйы — ағамның маған сыйлаған көлігі», – деп жазды актер.
Ол Димаш Құдайбергенмен бірге жүрген уақыт ішінде көп нәрсе үйренгенін айтып, әншінің үнемі қолдау көрсетіп, сенім білдіріп келе жатқанына алғысын білдірді.
«Бұл сіздің маған деген сеніміңіздің, адам ретінде, аға ретінде әрдайым қолдап жүргеніңіздің белгісі деп білемін. Сізбен бірге осындай ерекше сәттердің куәсі болып жүргенім – мен үшін өте үлкен мәртебе», – деді ол.
Актер сыйлыққа автокөлік алғанын айтып, қуанышын оқырмандарымен бөлісті.
«Ағайын, Легендадан көлік алдым сыйлыққа, құттықтап қойсаңыздар болады!» – деп жазды Кемеңгер Орал.
Жазбаға пікір қалдырған желі қолданушылары актерді туған күнімен құттықтап, жаңа көлігінің құтты болуын тілеген. Оқырмандар Димаш Құдайбергеннің жомарттығына да жоғары бағасын берген.
«Кең жүректі Димашжан!», «Димаштың мәрттігінде шек жоқ», «Құтты болсын!» деген пікірлер жазылған.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз