Қамбаға құйылған астық көлемі молайды: Биылғы егін сапасы қандай
Қазақстанда егін жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Бүгінгі таңда елімізде дәнді дақылдардың 61,6%-ы жиналып, 13,5 млн тонна астық бастырылды, деп хабарлайды «24KZ».
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, шаруалар 9,6 млн гектар алқаптағы өнімді жинап үлгерді. Биылғы егін жинау қарқыны өткен жылғы көрсеткіштерден едәуір озық тұр. Сонымен қатар лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына 2,83 млн тонна астық келіп түсті. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда бес еседен астам көп.
Астық сапасы да жоғары деңгейде: зертханалық зерттеулер нәтижесінде алынған жұмсақ бидайдың 93%-ы азық-түлік класына жатады. Оның ішінде 75%-ы үшінші сыныпты, 18%-ы төртінші сыныпты бидай. Бұдан бөлек, зерттелген бидайдың 51%-ында клейковина мөлшері 28%-дан жоғары екені анықталды.
Аталған көрсеткіштер ішкі нарықты сапалы астықпен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, отандық агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін арттыруға зор мүмкіндік береді. Егін жинау, қабылдау және сақтау жұмыстары министрлік пен өңір әкімдіктерінің тұрақты бақылауында.