Астанада «Astana Finance Days» халықаралық қаржы форумы басталды
Бас қала төрінде түндігін осымен тоғызыншы мәрте түрген шара екі күнге жалғасады. Осы аралықта әлемнің 90-нан астам елінен 5 жарым мыңнан астам сарапшы, инвестор мен қаржы саласының өкілі бас қосады.
Алаңда салмақты сөз сарапталып, пайымды пікірлер тоғыспақ. Мұнда басты назар – капиталды нақты іске айналдыруға аударылады. Негізгі тақырыптар тізбесінде қазынаға шеттен ақша тарту, қаржы нарығын дамыту және Еуразия өңіріндегі жаңа экономикалық мүмкіндіктер тұр. Шараға шекара асып келген алпауыт компаниялар мен инвестициялық қорлардың өкілдері қатысып жатыр. Олардың басқаруындағы активтердің жиынтық көлемі шамамен 26 трлн доллар. Инвесторларға тау-кен және креативті индустрия жобалары таныстырылады. Сондай-ақ бизнеске арналған жаңа бағыттар қарастырып, инвесторлармен, топ-менеджерлермен және қаржы саласының жетекші сарапшыларымен іскерлік байланыс орнату көзделіп отыр.
Талғат Аманбаев, АХҚО инновациялар жөніндегі бас директоры:
- Жалпы тақырыптардың бәрін қарасақ, көбінесе цифрлық активтер, цифрлық теңге, трансшекаралық серіктестік жаңа қаржы тарту инвестициялық құралдары. Форумға биыл 90 мемлекеттен 7 мыңнан астам қонақтар тіркелген.