Астанада Каспий құбыр консорциумы «Қауіпсіздік күнін» атап өтті

Жыл сайынғы іс-шара 14 рет ұйымдастырылды. Компанияның 30 жылдығымен тұспа-тұс келген жиын биыл «КТК 3.0» деген атаумен өтті. 

Қызметкерлер мен мердігер ұйымдардың өкілдері еңбекті қорғау, өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік бойынша білімдерін шыңдап, кәсіби дағдыларын сарапқа салды. 

«Қауіпсіздік күні» әдеттегідей ауқымды концерттен басталды. Роботтандырылған шоу дәстүрлі ән мен биге ұласып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Биылғы жиын кәсіби технологиялар мен жасанды интелектті дамыту тақырыбына арналған. Ал конкурстық бағдарлама еңбекті қорғау мен өнеркәсіптік қауіпсіздіктен бастап, экологиялық жауапкершілікке дейін бірнеше бағытты қамтыды.

Марк Скрыльников, Каспий құбыр консорциумы теңіз терминалының жетекші инженер-механигі:

- Бұл – қауіпсіздік мерекесі. Мұнда адамдар жаңа нәрсе үйреніп, жағымды әсер алып, әріптестерімен танысып, тәжірибе алмасады. Ең бастысы – өнеркәсіптегі қауіпсіздіктің маңызды екенін және ол әр адамның өзінен басталатынын түсінеді.

Биыл жарысқа Каспий құбыр консорциуымының өңірлік бөлімшелері мен мердігер ұйымдардың мамандары қатысты. Барлығы 28 команда тіркелді. Топтық тапсырмалар виртуалды түрде шынайы жағдайларға барыншға ұқсатып жасалған. Қатысушылар соған тез бейімделіп, ұтқыр шешімдер мен ортақ әрекет арқылы кедергілерден өтуге тырысты.

Игорь Лисин, Каспий құбыр консорциумының техникалық директоры:

- Бiз бірде-бір конкурсты қайталаған емеспіз. Сайыстар жыл сайын жаңартылып, күрделене түседі. Биыл цифрландыру жылы. Сондай-ақ Каспий құбыр консорциуымының 30 жылдығы. Соған байланысты барлық тапсырмаларға цифрлық жүйелер мен виртуалды шындық элементтері енгізілді.

Каспий құбыр консорциумының «Қауіпсіздік күні» 2012 жылдан бері аталып өтеді. 2017 жылдан бастап жиындар халықаралық форматқа ауысты. Былтырғы кездесу Қалмақияда өтті. Ал Қазақстан бұл іс-шараны осымен үшінші рет қабылдап отыр. Бұған дейін «Қауіпсіздік күні» Атырау мен Алматыда ұйымдастырылған.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Мадияр Қындыбаев, Саят Башимов

Сондай-ақ оқыңыз: