Елде әлеуметтік қолдау ережелері өзгереді
Қазақстанда мемлекеттік қолдау көрсету тәсілі біртіндеп өзгеріп жатыр. Енді басты назар тек ақшалай төлемге емес, аз қамтылған отбасыларға тұрақты табыс табуға көмектесу болмақ.
Атаулы әлеуметтік көмекті қиын жағдайға тап болып, мемлекет қолдауына мұқтаж азаматтар алады. Алайда еңбекке қабілетті азаматтар үшін әлеуметтік келісімшарт қарастырылған. Яғни мемлекет жұмыспен қамтуға жәрдемдесіп, оқыту немесе жаңа мамандық игеруге қол ұшын созады. Ал көпбалалы отбасыларға мемлекеттік қолдау сақталады. Осылайша төмен табысты тұрғындарға ақша беру ғана емес, біртіндеп әлеуметтік тәуелділіктен арылып, отбасын өз бетінше қамтамасыз етуге мүмкіндік беруге басымдық беріледі.
Әсия Құрманқұлова, ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек департаменті директорының орынбасары:
- Елдің әр өңіріндегі әлеуметтік жағдай әртүрлі. Сондықтан барлық отбасы мен өңірге бірдей тәсіл қолдана алмаймыз. Мұқтаждықты анықтау кезінде өңірдің ерекшеліктері, халықтың табыс деңгейі және цифрлық құралдар ескеріледі. Бұл нақты отбасының жағдайын, құрамын, табысын, жұмыспен қамтылуын және басқа да факторларды жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді. Біздің басты міндетіміз – әлеуметтік ресурстардың нақты көмекке мұқтаж азаматтарға бағытталуын қамтамасыз ету.