Атыраулық шаруалар мал азығын дайындап жатыр
Атыраулықтар жем-шөпті молынан орып жатыр. Өйткені былтыр қыс аяғы созылып, Исатай ауданында малы қырыла жаздаған еді. Тіпті қыс ортасында өзге облыстардан жем-шөп тасыды. Қазір өңір шаруалары 600 мың тоннадай пішен орып, қыстаққа тасып жатыр. Жартысын маялап үлгерді.
Исатай ауданында 25 бригада шөпті орып болып, қыстақтарға тасып жатыр. Биылға қажетті 91 мың тонна пішеннің жартысына жуығын жинап алды. Мұндағы шабын алқаптары негізінен Каспий теңізінің жағасында. Алайда теңіздің тартылуы себепті шөптің түсімі жылдан жылға нашарлап барады. «Оның өзі құнарсыз, қамыс пен қоға», - дейді пішеншілер.
Шахидолла Шамұратов, шаруашылық жетекшісі:
- Дайындап жатырмыз енді. Шөп деген теңізге байланысты өсетін зат. Теңіз тартылып бара жатыр. Біздер артынан жайлап шауып келе жатырмыз. Қатты көп ақтай қоймайды енді. Бірақ малға шөп дайындап алуымыз керек. Шөп керек қой енді.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Бұл көріп тұрғандарыңыз, «Әбу аралы» деп аталатын Каспий теңізінің жағалауы. Осыдан 10 жыл бұрын ол арал болатын. Қазір табиғаттың қуаңшылығына байланысты Каспий теңізі осы арадан 10-15 шақырымға қашықтап кеткен.
Бұл жағдай Құрманғазы ауданына да тән. Сондықтан олар өздеріне қажетті мал азығын 300 шақырым қашықтықтағы Азғыр аймағында дайындап жатыр. Биылға жоспарланған 189 мың тонна пішеннің 57 пайызы қыстақтарға жеткізілді.
Асқар Мұфтахов, Құрманғазы аудандық Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:
- Азғыр өңірінде биыл көктем мезгілінде жауын-шашын жақсы, тамаша түсті. Аудан бойынша дайындалатын мал азығының 37 пайызы Азғыр өңірінде дайындалады. Қазіргі кезде ол Азғыр өңірінде 20 бригада жұмыс істеп жатыр. Өздеріне қажетті мал азығын күні бүгінге 76 пайызын дайындап үлгерді.
Жалпы облыс бойынша алдағы қысқа 600 мың тоннадай ірі сабақты мал азығынан бөлек 4 мың тоннаға жуық сүрлем және 46 мың тонна құрама жем дайындалуы тиіс. Бұған 750-ге жуық ауыл шаруашылығы техникасы мен 1 мыңнан астам адам тартылған. Науқанды қазан айының аяғында аяқтау көзделіп отыр.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин