Медицина қызметкерлері бейнежетондармен жабдықталады

ЖИ

Қазақстанда жыл соңына дейін 2,1 мың жедел жәрдем бригадасы мен 3,8 мыңнан астам қызметкер бейнежетондармен қамтылады. Бұл туралы «Қазақтелеком» өкілі Бахтияр Қожахметов мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған смарт-құрылғылар камерамен, GPS-трекермен және полицияға шұғыл сигнал жіберетін SOS түймесімен жабдықталған. Жұмыс аяқталған соң барлық жазбалар автоматты түрде қауіпсіз деректер базасына жүктеледі.

 Алғашында Астана мен Алматы қалаларында пилоттық режимде сыннан өткен бұл құрылғылар медицина қызметкерлеріне қатысты болатын агрессия мен заңсыз әрекеттердің алдын алуға бағытталған. Жоба еліміздің басқа өңірлеріне де кеңейтіліп, атап айтқанда Шымкент қаласы мен Жамбыл облысында қолданысқа енгізіле бастады.

Бұдан бөлек, стационарлар мен медициналық мекемелерде қауіпсіздікті күшейту үшін бейнесараптама жүйелері мен стационарлық SOS батырмаларын орнату жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр.