Алматыда сауда орнында кітап беру пункті ашылды
Енді алматылықтар кітапханаға бармай-ақ, жаңа шығармалармен таныса алады. Мегаполистің ірі сауда орталықтарында кітап беру пунктері ашылып жатыр.
Бұл жұмыс істейтін кәсіпкерлер мен қызметкерлер үшін ғана емес, келушілер үшін де жақсы мүмкіндік. Жоба кітап оқу мәдениетін дамытуды көздейді. Сүйікті автордың шығармасын алу үшін оқырман билеті болса жеткілікті. Қазір Алматыда орталықтан-дырылған жүйеге қарайтын 30 кітапхана бар. Соның жетеуі тәулік бойы жұмыс істейді. Қоры – 1,5 млн дана. Алдағы уақытта мемлекет басшысының «Оқитын ұлт» бастамасы аясында халық көп баратын басқа да орындардан кітап беру пункттерін ашу жоспарланып отыр.
Ләззат Сыпатаева, «Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ директорының орынбасары:
- Осы жерде 2 мыңнан астам 3 мыңға жуық кітап шоғырланған. Кітаптың бәрі осы кітапханалар жүйесі қорынан беріліп жатыр. Алдағы уақытта көлеміне қарай кітаптың қоры толықтырылып отырады. Міндетті түрде осы жерде біздің қызметкер жұмыс жасайды. Оқырманның сұранысын есепке алады.