Алматы облысында алқаптарға су үнемдеу технологиясы енгізілді

Алматы облысында егін жинау науқаны жалғасып жатыр. Биыл шаруалар 440 мың гектар алқапқа егін екті. Судан таршылық көрмес үшін үнемдеу технологияларын кеңінен енгізе бастады.

Қазір мұндай жүйелер 94 мың гектар алқапта қолданылып отыр. Мәрлен Абылғазинов 20 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп келеді. Биыл 120 гектар алқапқа сүрлемдік жүгері егіп, 6 мың тоннадан астам өнім алуды жоспарлап отыр. Оның айтуынша, өнімділікті арттыруға тамшылатып суару жүйесі мүмкіндік берген.

Мәрлен Абылғазинов, шаруа қожалығының басшысы:

- Израиль технологиясы бойынша жұмыс істейтін тамшылатып суару жүйесін 2020 жылы орнаттық. Соның арқасында өнімділік 3-4 есе артты. Биыл бұл алқаптан тауарлы сүт фермасындағы сиырларымызға қажетті мал азығын дайындап жатырмыз. Әр гектардан шамамен 50 тоннадан өнім алып жатырмыз.

Мемлекет тарапынан заманауи суару жүйесін енгізген ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолдау көрсетіледі. Шаруашылықтар негізінен тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларын қолданады. Ал мемлекет оған кеткен шығынның 80 пайызын өтейді. Оның 50 проценті республикалық, қалғаны облыстық бюджеттен қаржыландырады. Бұдан бөлек, шаруаларға тұқым, жанар жағармай және минералды тыңайтқыштарға жұмсалған шығындардың бір бөлігі өтеледі.

Еркеғани Жүнісов, Іле аудандық Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Биылғы жылға енді бізде 4459 га су үнемдеу технологиясымен жұмыс істеп жатыр шаруа қожалықтары. Одан кейін қоса айта кететініміз бар, бізде «Кеңдала» деген бағдарламасы бар. Ол бойынша енді бізде шаруа қожалықтарына бір жылға кредит есебінде беріледі 6 пайызбен. Ол бойынша бізде бүгінгі таңда 9 шаруа қожалығы бар. Оның 812,8 миллионы алынып, сол бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Өңірде биыл 440 мың гектар алқапқа егін егілді. Шаруалар қыста қардың аз жауғанына байланысты су ресурстарының шектеулі екенін ескеріп, егіс құрылымын өзгертті. Шаруашылықтар сәйкесінше ылғалды аз қажет ететін дақылдар алқабын ұлғайтты.

Еркінбек Дәуітқұлов, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Биыл күріштің өзін 2 мың гектарға азайтып отырмыз біз. Оның орнына біз суды аз қолданатынын егіп отырмыз, көбейтіп отырмыз егіндерді. Енді мына су үнемдеу технологиясына да өте көп көңіл бөліп отырмыз. Соның арқасында биыл өніміміз де жақсы. Былтырғы жылы біз 17-18 центнерден, биыл 21-22 центнерден орташа өнім алып отырмыз.

Облыс бойынша былтыр су үнемдеу технологиялары 66 мың гектар алқапта қолданылса, биыл ол 94 мың гектарға дейін ұлғайды. Мамандардың айтуынша, жаңа технологияларды енгізу өнімділікті 15-20 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов

Сондай-ақ оқыңыз: