Жұмыссыз қалғандарға жаңа ереже: 1 қазаннан бастап төлемдер қалай есептеледі

depositphotos.com

Елімізде 2026 жылдың 1 қазанынан бастап жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем беру мерзімі мен шарттары өзгереді. Бұған дейін мұндай төлемдер азаматтың жүйедегі қатысу өтіліне қарай 1 айдан 6 айға дейін төленіп келсе, жаңа пилоттық жоба бойынша мерзім ең көбі үш аймен шектеледі. Бұл өзгеріс аталған құқығы 1 қазаннан бастап туындайтын азаматтарға қатысты қолданылады, деп хабарлайды «24KZ».

Жаңа тәртіп бойынша төлем мерзімі міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына қарай төмендегідей белгіленеді:

  • Жүйеге 6 айдан 12 айға дейін қатысқандарға – 1 ай;

  • 12 айдан 24 айға дейін қатысқандарға – 2 ай;

  • 24 ай және одан көп қатысқан жағдайда – 3 ай төленеді.

Сонымен қатар 1 қазаннан бастап әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері де бекітіледі. Ол төлем алу құқығы туындаған күндегі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген 7 ең төменгі жалақының 45%-ын құрайды. Ал әр азаматқа берілетін нақты сома соңғы 24 айдағы орташа айлық табысы мен жүйеге қатысу мерзімі ескеріліп есептеледі. Айта кетейік, жұмыс істейтін азаматтар үшін жұмыс берушілер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына қызметкердің жалақысынан ұсталмайтын, өз есебінен 5% мөлшерінде әлеуметтік аударым жүргізеді.

Мемлекеттік қолдауды қалай алуға болады?

Жұмысынан айырылған азаматтарға қаржылық көмек алу үшін алдымен жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелу қажет. Ол үшін тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына жүгінуге немесе электрондық үкіметтің eGov.kz порталы мен Enbek.kz Электрондық еңбек биржасы арқылы өтініш беруге болады. Мансап орталығы тіркелгеннен кейін азаматқа лайықты бос жұмыс орындарын ұсынады. Егер бос жұмыс орны табылмаса, азамат жұмыссыз ретінде тіркеліп, төлем проактивті түрде тағайындалуы мүмкін.

Мемлекеттік қолдаудың негізгі мақсаты

Бұл пилоттық жоба республикалық бюджет шығыстарын қысқартуға емес, керісінше, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын күшейтуге бағытталған. Төлемдер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Бастаманың басты түпкілікті мақсаты – азаматтардың ұзақ уақыт жұмыссыз жүрмей, мүмкіндігінше тезірек тұрақты жұмысқа оралуына жағдай жасау.

Төлем алу кезеңінде азаматтарға кәсіптік оқыту, қайта даярлау, субсидияланатын жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы сияқты мемлекеттік қолдау шаралары да ұсынылады. Дегенмен, мамандығы мен денсаулық жағдайы ескеріліп ұсынылған үш лайықты жұмыс орнын дәлелді себепсіз қабылдамаған азаматтың жұмыссыз мәртебесі мен тиісті әлеуметтік төлемі тоқтатылатынын ескеру қажет. Әлеуметтік төлем мерзімі аяқталғанымен, мансап орталықтары азаматты жұмысқа орналастыру бағытындағы көмегін жалғастыра береді.

Сондай-ақ оқыңыз: