Алматыда дәстүрлі Central Asia Fintech Summit 2026 жиыны өтті

Іс-шарада Ұлттық банк қаржылық қызметтер мен цифрлық технологиялар саласында бірқатар меморандумға қол қойды.

Келісім төлем жүйелері, цифрлық технология мен жасанды интеллект бағыттарында бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған. Биылғы саммитке төрт мыңнан аса адам қатысты.

Жиында төлем нарығындағы жаңа мүмкіндіктер таныстырылды. Ұлттық банк бірінші санаттағы төлем ұйымдарына арнап жаңа лицензия енгізетінін жариялады. «Бұл мүмкіндік көптеген ұйымдардың қызмет аясын кеңейтеді», -дейді мамандар.

Жанар Самаева, Ұлттық төлем корпорациясының басқарма төрағасы:

- Бұл – жыл сайын өткізілетін шара. Мұны қаржы нарығының қатысушылары бас қосатын алаң деп білеміз. Былтырғы шараның басты жаңалығы бірыңғай QR пилоттық жобасы болған еді. Ал биыл төлем ұйымдарының мүмкіндіктері кеңейетінін хабарлаймыз. Енді олар заңды тұлғалардың шотын жүргізе алады. Сонымен қатар ұлттық төлем инфрақұрылымына қол жеткізеді.

Нарықтағы өзгерістерден бөлек халықаралық әріптестікке де басымдық берілген. Ұлттық төлем корпорациясы Өзбекстанның HUMO төлем инфрақұрылымымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ал Ұлттық банк өкілдері халықаралық VEON компанияларымен өзара келісімшарт жасасты. Жауаптылардың сөзінше, мұндай серіктестік жаңа технологиялар мен тәжірибені отандық нарыққа енгізуге мүмкіндік береді.

Арлен Молдабеков, ҚҰБ Инновациялар және цифрлық активтер басқармасының басшысы:

- Жаңадан құрылып жатқан нарық болғандықтан, практикасы, сараптамасы және өтімділігі бар дүниежүзілік компаниялардың біздің нарыққа келуі, ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылуы – нарығымыздың дамуына үлкен серпін береді деп сенеміз. Олар тәжірибе, сараптама және құзырет әкеледі.

Бүгінде елімізде цифрлық төлемдер кеңінен қолданылады. Соңғы ақпаратқа сәйкес қолма-қол ақшасыз төлемнің үлесі 90 пайыздан асады. Банкаралық мобильді төлемдер жүйесі іске қосылғаннан бері банкаралық QR арқылы 20 миллионнан астам транзакция жүргізілген. Олардың жалпы сомасы 400 млрд теңгеге жуық. Сондай-ақ жасанды интеллектің көмегімен алаяқтық операциялардың алдын алу жоспарланып отыр. 

Авторлары: Бекзат Үшкемпір, Кенже Амраев

Сондай-ақ оқыңыз: