Қазақ дастарханы Париж тұрғындарын тәнті етті
Қазақтың ұлттық тағамдары Парижде ұсынылды. Франция астанасында дәстүрге айналған халықаралық гастрономиялық фестиваль өтіп жатыр. Елшіліктің бастамасымен ашылған ұлттық павильон француздарды несімен таңғалдырды?
Айдана Айтбекқызы, тілші:
- Қаладан шықпай-ақ, бес құрлыққа гастрономиялық саяхат жасауға мүмкін бе? Иә, Франция астанасында оныншы рет өтіп жатқан халықаралық гастрономия фестивалі осындай мүмкіндік береді. Биыл мұнда 80-нен астам ел ұлттық тағамдарын таныстыруда. Қазақстан үшін бұл фестивальге қатысу игі дәстүрге айналған. Байқағанымыздай, биыл да біздің павильонға келушілер қарасы көп.
Мұндағы әр шатыр – бір елдің шағын гастрономиялық әлемі. Ал қазақ павильонында дәм мен дәстүр қатар өрілді. Бізге қонақ болып Францияның белгілі шеф-аспаздары, іс-шара серіктестері мен Париждің жаңа әкімі Эммануэль Грегуар келді.
Эммануэль Грегуар, Париж қаласының әкімі:
- Әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтарды соның ішінде қазақстандық әріптестерімізді көргенімізге өте қуаныштымыз. Сіздерде бұрын-соңды білмеген тағамдардан дәм таттым. Бұл шараның бірнеше мақсаты бар. Біріншісі, Францияның өзге халықтардың асханасымен танысу дәстүрін жалғастыру. Сондықтан Парижде қазақ мейрамханасы да ашылады деп үміттенемін. Екіншіден, заман қанша күрделі болса да, бір дастарқан басында бас қосу адамдарды жақындастырады. Ал Париж соған таптырмас қала!
Дастарханының сәні мен дәміне мұнда еліміздің атақты шеф-аспаздары жауапты. Олар Елшіліктің шақыруымен арнайы келген. Халыққа ет пен қуырдақ, ошақтан енді түскен ыстық бауырсақ, сонымен қатар талқан мен сүт шәй қосылған авторлық десерттер ұсынылды.
Қарлығаш Баймұхамедова, аспаз:
- Бүгін үлкен гастрономиялық фестивальде қазағымыздың ұлттық тағамдарымен қоса, біздің дайын өнімдеріміз ұсынулыда – қазы, жая, кептірілген жаялары, сүбе рулеттеріміз, әсіп моншақтарымыз, ұлттық тағамдарымыз ұсынулыда. Сонымен қатар біздің қолдан жасалған ірімшік, құрттар, түйе сүтінен жасалған құрт, көптеген ассортимент Франция төрінде ұсынулыда.
Ескендір Салықов, аспаз:
- Барлығының қызығушылығы және назарлары көбінесе бізге ауып жатыр. Сол бізді қуантып, бізге рух беріп жатыр. Француздар енді жылқы етін көп жемейді екен, La viande du sheval avec des pates – деп біздің қазақ етімізді түсіндіріп, барынша дәмін таттырып жатырмыз, бірақ дәмін татқаннан кейін көбісіне ұнап, онда мен жеймін деп, дәмін татып жеп кетіп жатыр.
Ал қазақтың әні мен биін халықаралық көрерменге Қызылордадан келген «Сырғалым» ансамблі таныстырды. Көпшіліктің көзіне бишілердің ұлттық нақыштағы әсем киімі түсті.
Уафа, Париж тұрғыны:
- Бізге өте ұнады. Қазақстан – үлкен, қызықты ел. Сіздерге келесі жылы баруды жоспарлап отырмыз. Ірімшік, бауырсақ, шайдан дәм таттық. Қызым шайды ерекше жақсы көреді. Маған сіздердің дәстүрлеріңізді сақтап келе жатқандарыңыз ұнайды. Қазіргі заманда бұл – нағыз құндылық.
Нурель, студент:
- Қазақша етті алғаш рет жеп көрдім. Бірден ұнады! Жылқы еті әрі жұмсақ, әрі өзіндік ерекше құрылымы бар ет екен. Өзім аспаздық мамандығында оқимын. Мүмкін, болашақта қазақ тағамдарын да дайындап көрермін.
Гастрофестиваль жексенбі кешіне дейін жалғасады. Төрт күн ішінде мұнда 60 мыңға жуық адам келеді деп жоспарланған. Демек осынша адам ұлттық тағамымыздан дәм татып қана қоймай, халқымыз бен мәдениетіміз, салт-дәстүріміз туралы да көбірек білетін болады.
Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан