Атырау облысындағы Кудряшов ауылында күрделі мәселе көп
Атырау облысындағы Кудряшов ауылында әлеуметтік мәселелер қордаланып қалған. Тұрғындардың айтуынша, 2021 жылы басталған жол құрылысы әлі күнге дейін аяқталмады.
Бұған қоса, ауылдағы балабақшада орын тапшы, ал медициналық мекемеде бейінді дәрігерлер жетіспейді. Ал аудан әкімдігі бірқатар проблеманы тек 2030 жылға дейін шешуді жоспарлап отыр. Ауылдың жағдайына алаңдаған тұрғындар редакциямызға хабарласып, көмек сұрады.
Біздің келетінімізден хабардар тұрғындар округ әкімінің кеңсесі алдынан қарсы алды. Бірақ жергілікті биліктен ешкім төбе көрсеткен жоқ. Біз шамамыз келгенше барлығының өтініштерін тыңдауға тарыстық.
Қайырбек Қожабеков, ауыл тұрғыны:
- Мына арада бізің округте 3 елді мекен болған соң бала көп. Балабақшаның сыйымдылығы аз, кезек көп. Қосымша балабақша салынса деген ойымыз бар. Әр жиында жылма-жыл есеп бергенде айтылатын нәрсе, бірақ қарастырылып жатқан ештеңе жоқ.
Ауылдағы тағы бір өзекті мәселені байырғы тұрғын, 3-ші топ мүгедегі Светлана Шапиханова айтып берді. 2100-ден астам тұрғыны бар округте 2 медициналық бекет бар. Бірақ дәрігер болмағандықтан жұмысы жүрмейді. Біз барғанда да жаңа ғимарат жабық тұрды.
Светлана Шапиханова, ауыл тұрғыны:
- Екі медпункт салынды. Екеуінде де дәрігер жоқ, тек атауы. Мына жағдайы жоқ кісілірге өте қиын. Бізге екі медпункттен гөрі бір аурухана салса, халық көркейеді.
Кудряшов, Жаңауыл және Арна ауылдары Қиғаш өзенін бойлай орналасқан. 2024 жылы өзен суы көтерілгенде елді мекендерге қауіп төніп, 14 шақырымдық қорғаныш бөгет соғылған еді. Қазір ол құрылыс күтімсіздіктен бұзыла бастапты.
Айзада Жайғалиқызы, ауыл тұрғыны:
- Бөгет үйімізге тиіп тұр. Қазір бөгеттер опырылып, жарылып жатыр. Сапасыз салынған. 2024 жылдан бері салынып, сонан бері жөндеу жұмыстарын көрмеген. Бөгет бұзылса, кімнен көмек сұраймыз.
Ауылішілік жол жағдайы да сын көтермейді. 2021 жылы басталған 17 шақырымдық жолдың құрылысы әлі аяқталмаған. Жергілікті биліктің жүйесіз жұмысынан ауылда бірде-бір кәсіпкерлік нысан жоқ. Ауыл тұрғындары азық-түлік пен басқа керек-жарақтарын 40 шақырым жердегі аудан орталығынан тасымалдайды. «Ауыл аманаты», «Бизнес бастау» секілді мемлекет ұсынып отырған әлеуметтік жобалар бұл ауылдарды айналып өткенге ұқсайды.
Айзада Жайғалиқызы, ауыл тұрғыны:
- Жұмыссыз әйел адамдар көп. Ауылын көркейтуге ат салысуға әйел адамдар үлесін қосады деп ойлаймын. Әкімдік тарапынан аудан тарапынан көмек болса, біздің тұрғындарға
Ауыл тұрғындарының арызын біз аудандық әкімдікке жеткіздік. Бірақ әзірге айтылған проблемалардың нақты шешімі табылмайтын сыңайлы.
Марат Хасанов, Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары:
- Кудряшов ауылдық округі бойынша Жаңа ауылда жаңадан салынған медпунктіміз бар. Қосымша больница ол жаққа қаралмаған. Себебі орталықта 75 орындық ауруханамыз бар. Соған келіп қатынайды. Аудан бойынша дәрігерлер тапшы. Бөгеттерді қорғау бізде ағымдағы жөндеу деген бар. Содержанияға ағымдағы жөндеуден жылда ұстап тұрамыз. Жаңадан жоба ол жаққа қарастырылмаған.
Биыл ауылдық округтердегі қорғаныш бөгеттерді күтіп ұстауға ауандық бюджеттен 17 млн теңге қаралыпты. Бірақ тізімге Кудряшов ауылы енбей қалған. Ауыл азаматтарының өтінішін жауапты мекемелер мен жергілікті билікке жазбаша жолдадық. Жауабын күтеміз.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин