Жетісуда 85 млн теңгеден астам бюджет қаржысы негізсіз жұмсалмақ болған
Талдықорған қаласының прокуратурасы мемлекеттік инвестициялық жоба аясындағы жұмыс құнының негізсіз көбейтілгенін анықтады, деп хабарлайды 24KZ.
Прокуратура Талдықорған қаласында магистральдық жылу желілерін реконструкциялау жобасын зерделеген. Талдау барысында сметалық құжаттарды әзірлеу кезінде асфальтбетон қабатын алуға қатысты есепте қате кеткені анықталды.
Атап айтқанда, шығарылуы тиіс асфальтбетон қалдығының нақты көлемі 5 273,7 тонна болған. Алайда құжатта бұл көрсеткіш 105 474 тонна деп көрсетілген. Яғни көлем 20 есеге артық есептелген.
Осыған байланысты прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, оның нәтижесінде жасалған шарттың құны 85,1 млн теңгеге төмендетілді. Осылайша бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілмеді.
Жалпы Жетісу облысында прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде бюджет қаражатының 1,2 млрд теңгеден астам сомасының негізсіз жұмсалуының алдын алынды.
Облыс прокуратурасы бюджет қаражатының тиімді әрі заңды жұмсалуын бақылау жұмыстарын жалғастырады.