Қарағанды облысындағы 8 ауылда өртке қарсы бекет ашылды
Биыл Қарағанды облысында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында 8 елді мекенде өртке қарсы жаңа бекет пайдалануға берілді. Қазір тағы 10 нысанның құрылысы жалғасып жатыр. Жаңа бекеттер заманауи техника мен қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Бұл шалғай ауылдардағы төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін Жанбөбек ауылында өртке қарсы бекет болмаған. Ал ең жақын көмек шамамен 200 шақырым қашықтағы аудан орталығы Нұра кентінде орналасқан. Жаңа нысан облыстық бюджет есебінен салынды. Бұл төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Елді мекен Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының дәл іргесінде. Сондықтан мұндай жеке нысанның болуы өте маңызды. Бекетте қорық инспекторлары кезекшілік атқарады. Олар көрші ауылдарды да тілсіз жаудан қорғайды.
Думан Дәулет, Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының инспекторы:
-Техника берілді. Барлығы жол талғамайтын көліктер. Шамамыз келгенше тез жетуге тырысып жатырмыз. Жанбөбек округі бойынша 6 өрт тіркелді. Алтауын енді жедел жетіп, басын оқшаулап, сөндірдік.
Былтыр облыс бойынша 13 ауылда өртке қарсы бекет ашылды. Биыл оған 8 нысан қосылды. Тағы 10-ның құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Сондай-ақ өңір бойынша ескі нысандар кезең-кезеңмен жаңғыртылып жатыр. Қазір өңірдің аудандары мен шалғай ауылдарында заманауи 69 бекет жұмыс істеп тұр. Олардың материалдық-техникалық базасы да біртіндеп толығып келеді.
Нұралы Смағұлов, ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының бастығы:
- Былтырғы 2025 жылы 21 бірлік техника бергенбіз, өрт сөндіру автокөліктерін. Биылғы жылда біз 17 бірлік техника беріп жатырмыз. Оның ішінде 15-сі өрт сөндіру автомашинасы және екеуі «УАЗ» базасындағы автокөлік. Және де біз одан бөлек жаңағы байланыс орнату үшін әрбір өрт сөндіру бекетіне, биылғы жылы ашылатын 18 өрт сөндіру бекетіне раиостанциялар орнатып жатырмыз.
Бұл төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге және азаматтық қорғаныс саласын күшейтуге мүмкіндік береді. Мәселен, соңғы екі жылда өңірдегі шалғай ауылдардың төңірегінде болған 150-ге жуық өрт жаңадан ашылған бекеттердің көмегімен дер кезінде сөндірілген.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит