Шымкентте су жүйелерінің 1500-ден аса шақырымы тозған

Шымкентте сумен жабдықтау және су бұру желілерінің 1500-ден аса шақырымы тозып тұр.

Алдағы үш жылда инженерлік жүйені ретке келтіру үшін 46 млрд теңге қарастырылған. Қаржыландыру ұлттық жоба аясында жүзеге асады. Биыл саланы цифрландыруға мән беріліп, стратегиялық су нысандарын мемлекет меншігіне қабылдау жұмыстары жүріп жатыр.

Қалада инженерлік жүйелер заманауи технологиямен ауыстырылып жатыр. Бұдан былай ескі құбырларды жаңартуда жоғары дәлдікпен көлденең бұрғылау әдісі қолданылады. Ол үшін көшені қазып, асфальтты бұзудың қажеті болмайды.

Мақұлбек Жасұлан, Су арнасы учаскесінің бастығы:

- Жарты ғасырдан астам уақыт қызмет еткен инфрақұрылымды қазіргі талаптарға сай жаңартып жатырмыз. Бұл тек құбыр ауыстыру емес. Бұл болашақта апатты жағдайдың, су жоғалтудың және тұрғындарға қолайсыздықтың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыс.

Өңірде ішкі орамдық және магистралдық ауызсу құбырларының ұзындығы 7200 шақырымға жетеді. Биыл оның 30 шақырымын жаңғырту жоспарланған. Ал Ұлттық жоба аясында су жүйесінің тозу деңгейін 14%-ке дейін төмендету көзделген. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 46 миллиард теңге қарастырылып отыр. 

Сәбит Үсенов, қалалық Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім басшысы:

- Тозу деңгейіміз жыл сайын 0,5%-ға төмендейді. Одан кейін тағы да 0,5%-ға төмендейді. 2030 жылға дейін тозу деңгейіміз 4–5%-ға азаяды. Темір құбырлардың жарамдылық мерзімі – 15–20 жыл. Ал полиэтилен құбырлардың жарамдылық мерзімі – 30–40, кей жағдайда 45 жылға дейін. Тозу деңгейін азайту мақсатында полиэтилен құбырлар салынып жатыр.

Бұған дейін жекенің басқаруында болған сумен жабдықтау және су бұру нысандары мемлекет меншігіне қайтарылды. Сот шешімімен оны жекешелендіру кезінде заңбұзушылықтар мен тиімсіз басқару деректері расталды. Қазір объектілерді қабылдау жұмыстары жүріп жатыр.

Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары:

- Сот шешімімен стратегиялық нысандар мемлекет меншігіне толық қайтарылды. Бұл тұрғындарға көрсетілетін су және қызметтердің үздіксіз сақталуын қамтамасыз етеді. Енді осы нысандарды қабылдау алу АКТ-сіне қол қоюды бастаймыз.

Сала мамандарының айтуынша, нысандарды тапсыру және қабылдау жұмыстары аяқталған соң, олардың техникалық жағдайына жан-жақты зерделеу жүргізіледі. Соның қорытындысы бойынша су жүйесін дамытудың қосымша жоспары жасалады.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов

Сондай-ақ оқыңыз: