Қарағанды облысында «Айбалта-2026» оқу-жаттығуы басталды
Қарағанды гарнизонында «Айбалта-2026» командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды. Жауынгерлік даярлық сабақтары «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты «Спасск» оқу орталығының полигонында өтіп жатыр.
Дайындық жұмыстарына 600-ге жуық әскери қызметші, 50-ден астам қару-жарақ пен әскери техника тартылды. Мұнда штабтар әскерлерді басқару, бөлімшелерді жылжыту және қайта топтастыру, жағдай өзгерген кезде басқарудың тұрақтылығын қамтамасыз ету сынды мәселелерді пысықтайды. Практикалық кезеңде әскерилер полигонда қару-жарақ пен әскери техниканы қолдана отырып, оқу-жауынгерлік міндеттерді орындайды.
Жеңіс Қожатаев, «Астана» өңірлік қолбасшылығының 31775 әскери бөлімінің командирі:
- Бұл біз үшін жауынгерлік әзірлікті тексеру ғана емес, оқу-жаттығу барысында әрбір әскери қызметшінің даярлық деңгейін бағалап, бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды тексеру және жауынгерлік міндеттерді орындау кезіндегі іс-қимыл алгоритмдерін іс жүзінде пысықтауға мүмкіндік бар. Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша өзіміздің мықты тұстарымызды, одан әрі жетілдіруді қажет ететін бағыттарды анықтаймыз. Басты міндетіміз – кез келген жағдайда өзімізге жүктелген міндеттерді орындауға дайын болу.
Асқар Дәулетов, әскери бөлім штаб бастығы:
- Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – әскери қызметшілердің өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға дайындығын тексеру. Практикалық кезең барысында әскери қызметшілер заманауи ұрыс жүргізі тәсілдерінің тәжірибесін ескере отырып, қару-жарақ пен әскери техника қолдану арқылы нақты іс-қимылдарды орындайды.