Шымкентте 66 көпқабатты үйдің тұрғыны көшіріледі
Шымкентте тозығы жеткен және апатты деп танылған 66 көпқабатты үйдің тұрғындары жаңа пәтерге көшіріледі.
Реновация бағдарламасы аясында 604 отбасын баспанамен қамту жоспарланған. Осыған сәйкес Көксай шағын ауданын дамыту тұжырымдамасы жасалды.
Көксай шағын ауданында тозығы жеткен үйлердің иесіне жаңа пәтердің кілті табысталды. Бүгінге дейін 128 отбасы қаланың орталық бөлігіне көшіріліп, қоныс тойын тойлады. Реновация бағдарламасының тізіміне іліккен өзге тұрғындар да кезегін асыға күтіп жүр.
Әзиза Пушаева, қала тұрғыны:
- 1982 жылдан бері тұрамын. Тұрғанымызға 45 жыл болып жатыр. Үйдің бәрі көшіп кетті ғой. Бізге енді ақша бере ме, жоқ үй бере ме – білмеймін. Лажы болса, үй берсе дейміз. Ақшаға қайдан үй салып аламыз? Қазір сала алмаймыз.
Бағдарлама аясында тозығы жеткен үйлердің тұрғындары Шымсити, Тұран шағын аудандарына көшірілді. Оларға «бөлмеге-бөлме» тәжірибесі ұсынылып, шаршы метрінің айырмашылығы үшін ақы талап етілмеді. Енді бас жоспарға сәйкес Көксайдың бүгінгі келбеті түбегейлі өзгеруі тиіс.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Мұндағы апатты және тозығы жеткен ескі нысандар толық сүріледі. Жырты ғасырдан астам уақыт қолданыста болған бұл үйлердің орнына жаңа тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар салынады. Аумақты аудандық орталық ретінде қайта құру мақсатында жаңғырту тұжырымдамасы да бекітілді. Құрылыс жүргізуге жеке инвесторлардың қызығушылығы жоғары. Алайда тұрғындарды көшіруге бәрі бірдей келісім бермеуі және тиісті құжаттардың жоқтығы қолбайлау болып тұр. Сонымен қатар үйлерді сүру жұмыстары кезінде шығатын шулы дыбыстарға қатысты жеке сектордың меншік иелерінен де шағым көп.
Ердәулет Әжібаев, Қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
- Қала бойынша 2030 жылға дейін – 66 үй, 600 пәтер бекітілген. Соның ішінде 23 үй Көксай шағын ауданында орналасқан. Барлық көпқабатты үйдің техникалық жағдайына тексеру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар арнайы аккредиттелген, аттестациядан өткен мекемелермен жүзеге асырылды.
Жалпы реновация бағдарламасын 2030 жылға дейін жүзеге асыру бекітілген. Сондықтан оған дейін нормативтік мерзімі өткен, тозығы жеткен тұрғын үй иелерінен өтініш қабылданады. Сала мамандарының айтуынша, осыған сәйкес тізім де толығуы мүмкін.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов