Жетісуда салмақ бақылауын айналып өткен жүк көліктерінің жолы кесілді
Жетісу облысындағы «Сарыөзек – Көктал» республикалық маңызы бар автожол учаскесінде ауыр жүк көліктерінің автоматтандырылған өлшеу станциясын айналып өтіп келген заңсыз жолы жабылды. Жүргізушілер бұл үшін өндірістік қажеттіліктерге арналған арнайы техникалық жолды бұрмалап пайдаланып келгені анықталды. Бұл туралы Бас көлік прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен «ҚазАвтоЖол» филиалының арнайы техникасы жұмылдырылып, айналма жолдар толығымен бөгеттелді. Қазіргі уақытта ауыр жүктердің қозғалысы тек автоматтандырылған станция кешені арқылы ғана жүзеге асырылуда. Заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында прокуратура, көліктік бақылау инспекциясы және әкімшілік полиция қызметкерлерінен тұратын ведомствоаралық мобильді топ құрылып, жұмысын бастады.
Алдағы уақытта өңірде мобильді салмақ кешендерінің саны көбейтіліп, «ҚазАвтоЖолмен» бірлесіп Қонаев қаласына кіреберісте жаңа автоматтандырылған жүйе орнату мәселесі пысықталып жатыр. Бұл бақылау тиімділігін бірнеше есе арттырмақ.
Ведомство дерегінше, жалпы жыл басынан бері көліктік бақылау инспекциясы салмақ параметрлерін сақтамаған 22 мың тасымалдаушыны әкімшілік жауапкершілікке тартып, оларға 6 миллиард теңге айыппұл салды. Сондай-ақ автокөліктердің артық салмақпен жолға шығуына жол берген 363 кәсіпорын да жауапқа тартылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз