СҚО-да үш ауыл спирттік ішімдіктен бас тартты
Солтүстік Қазақстан облысында ішімдіксіз ауылдар қатары артып келеді. Уәлиханов ауданындағы Көктерек, Амангелді және Қаратерек елді мекендерінің тұрғындары спирттік ішімдік өнімдерінен толық бас тартты.
Үш ауылда 300-ге жуық адам тұрады. Енді жергілікті дүкендерде спирттік ішімдік сусындары сатылмайды. Тұрғындардың айтуынша, бұл қоғамдық тұрақтылықты сақтап, құқықбұзушылықтың алдын алуға ықпал етеді. Жаңа бастаманы полиция мен прокуратура қызметкерлері де қолдады.
Әлия Мұхаметалина, СҚО прокурорының аға көмекшісі:
- Облыс бойынша 51 ауыл спирттік ішімдік өнімдерін тұтынудан және оларды сатудан бас тартты. Бұл ауылдарда жалпы саны 6 мыңнан астам халық тұрады. Нәтижесінде бүгінге дейін ол елді мекендерде қылмыстық құқықбұзушылық тіркелмеген.