Димаш Құдайберген «Кітап оқитын ұлт» марафонына қатысады

Әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында елде басталған «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына қатысатынын айтты, деп хабарлайды «24KZ».

Осы маңызды бастамаға үн қосқан эстрада жұлдызы өз оқырмандарымен ой бөлісті.

Мен де осы марафонға арнайы, байқаудан тыс «Парасат» санаты бойынша қатысуды жөн көрдім. Соңғы уақытта оқыған кітаптарымның бірі – белгілі қазақстандық суретші, ядролық қаруға қарсы қозғалыстың белсендісі Кәріпбек Күйіковтың «Қолсыз өмір»атты автобиографиялық туындысы.

Қарағанды қаласында кеншілер күніне арналған концерт қарсаңында Кәріпбек аға Күйіковпен жүздесіп, жеке кездесудің сәті түсті. Оның өмір жолы, тағдыр тауқыметіне мойымас қайсарлығы мен рухының беріктігі маған ерекше әсер қалдырды.

«Кітап оқитын ұлт» марафоны жаңа кітаптарды оқуға, олардан тағылым алуға және оқығанымызды бір-бірімізбен бөлісуге себеп болсын!, - деді ол.

Еске сала кетсек, 2026 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасының Президенті «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру шаралары туралы» жарлыққа қол қойған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен және Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен елімізде оқу мәдениетін кеңінен насихаттауға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» атты ауқымды республикалық марафон бастау алды.

Бұл бастама қоғамда кітап оқу мәдениетін дәріптеп, жастарға үлгі көрсету жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз: