Жедел басқару орталығы: Қосшыда 27 мыңнан астам ереже бұзу дерегі тіркелді
Қосшыдағы жаңа Жедел басқару орталығы 27 мыңнан астам ереже бұзу деректерін анықтады, деп хабарлайды «24KZ».
Бұл туралы Үкімет отырысында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов айтты.
Қосшы қаласында Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында жасанды интеллект элементтері бар бірыңғай зияткерлік платформаға біріктірілген 1,5 мың бейнебақылау камерасы бар Жедел басқару орталығы ашылған болатын. Ашылған сәттен бастап ол жалпы сомасы 430 млн теңге болатын 27 мыңнан астам жол ережесін бұзу деректерін анықтады.
Жаңа ЖБО «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» тұжырымдамаларын «бір терезе» қағидаты бойынша біріктіре отырып, ЖИ көмегімен жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жолдардың жай-күйін бағалауға және коммуналдық проблемаларды тіркеуге мүмкіндік береді. Осыған ұқсас орталықтар Көкшетау, Степногорск және Щучинск қалаларында жұмыс істеп тұр, сондай-ақ облыстың басқа да аудандарына кеңінен таратылуда.
Сонымен қатар Көкшетауда «Сұңқар» АБК пилоттық жобасы жүзеге асырылды, ол мемлекеттік нөмірлерді танып, деректерді «Цифрлық қадағалау» жүйесіне береді. Одан бөлек облыс орталығы елімізде алғашқылардың бірі болып жедел жәрдем көліктері мен маршруттық автобустарға заңбұзушылықтарды тіркейтін мобильді кешендер орнатты, бұл іздеуде жүрген машиналар мен құқығынан айырылған жүргізушілерді жедел анықтауға мүмкіндік береді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз