Ақтауда NIS оқушылары мұғалімнің мас күйде келгенін видеоға түсіріп алған
Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары мұғалімнің мас күйінде келгенін айтып видео жариялады. Желіде тараған бейнежазбаға қатысты білім ошағының әкімшілігі ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды«24KZ».
Әлеуметтік желілерде кеңінен тараған видеода оқушылар мектеп қызметкеріне сұрақ қойып, оның мас күйде келгенін анықтауға тырысатыны көрінеді. Ер адам өз кезегінде спирттік ішімдік ішкенін жоққа шығармай, «осылай болып қалды» деп түсіндіріп, әрекеті үшін кешірім сұрайды. Оқушылардың айтуынша, қызметкер бұған дейін де осындай күйде келіп, балалармен дөрекі сөйлескен көрінеді.
Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Ринат Жұмабаевтың айтуынша, тараған видеодан кейін дереу ішкі тергеу жұмыстары басталған.
Мектепте ішкі тергеу жүргізіліп жатыр. Айтылған деректер тексерілуде. Жасанды интеллект заманында біз әрнәрсені біз мұқият тексеруіміз керек. Аяқталған соң, қызметкердің тарапынан заң бұзушылық расталса, еңбек кодексіне сәйкес шаралар қабылданады, – деді директор.
Сондай-ақ бұл оқиға Маңғыстау облысының білім беру ұйымының бақылауына алынды. Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Өңірлік білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті мектепке хат жолдап, мән-жайды анықтауда. Назарбаев Зияткерлік мектептері автономды ұйым болғандықтан, ішкі бақылауды өздері жүргізеді, алайда ақпарат расталса, тек мұғалімнің ғана емес, мектептің қауіпсіздікке жауапты басшылығының да әрекетіне құқықтық баға берілмек. Қазіргі уақытта тексеру жалғасуда.