Ақтөбеде тұрғын үйлер жаңартылып жатыр
Ақтөбеде тұрғын үй қорының жай-күйі жылдан-жылға жақсарып келеді. Жаңғырту бағдарламасы аясында ескі баспаналардың біраз бөлігі қалпына келтірілді, деп хабарлайды 24KZ.
Биыл 18 көп қабатты үй күрделі жөндеуден өтті. Бұл мақсатқа бюджеттен 1 млрд 786 млн теңге бөлінген. Оны тұрғындар 7 жыл ішінде біртіндеп өтейді. Ақтөбедегі мынау бес қабатты үй өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған. Тозығы жеткен баспананың төбесінен су сорғалап, құбыр желісі жиі жарылатын. Әбден шыдамы таусылған тұрғындар үйді модернизациялау бағдарламасына енгізуді талап етіп, өздері ұсыныспен шыққан.
Айшат Демесінова, қала тұрғыны:
- Біз өзіміз төртінші қабатта тұрғанымызбен, бесінші қабаттың өзіне де су кетті. Осы компания келіп, модернизациядан өткізгеннен бері үйдің іші, сырты да күшті болып қалды. Төбемізден су ақпайды.
Бұл үйді қалпына келтіру үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Шатырынан тыс бүкіл су, кәріз құбырлары, электр желісі жаңартылды. Үйдің дәліз, қасбеті жөнделді.
Серік Бейшев, «Көктөбе» ЖШС атқарушы директоры:
- Жаңғырту жұмыстарын біз сәуір айында бастадық. Қыркүйектің аяғында бітіруге тиістіміз. Дәлізді жөндеп, құбырды бояп, тапсыруға дайындап жатырмыз. Біз барлық жұмыстарға 2 жыл кепілдік береміз.
Ақтөбенің орталық даңғылындағы мынау 80 пәтерлі үйдің тұрғындары да жаңғырту бағдарламасына қатысып отыр. Үй 20 жыл бұрын салынған. Мұндағы жұртшылықты үйдің қасбетінің жағдайы қатты алаңдатқан еді. Соны жөндеуге 182 миллион жұмсалған.
Роза Жаханова, қала тұрғыны:
- Сыртында мәселе болды. Күнде алюминий композиттік панелі түсіп, желде ұшып тұрады. Халыққа, балаларға, үлкен адамдарға қауіпті. Соны биылдан бастап модернизацияға алып, жақсы жөндеу жасап жатыр. Үйіміз жақсарып жатыр.
Биыл жаңғырту бағдарламасы бойынша 18 көп қабатты үйді күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Оның 11-інде бар жұмыс ауқымы аяқталды. Қалғаны жақын күндері тапсырылады.
Мәлік Досов, қалалық Тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының:
- 18 үйді жөндеуге облыстық бюджеттен 1 млрд 786 млн теңге бөлінді. Бұл — қайтарылатын қаржы. Несиелеу шарты бойынша 7 жылға 0,1 пайызбен беріледі. Тұрғындар жиын өткізіп, үйдің қай жерін жөндеу қажеттігін өздері анықтайды.
Тұрғын үй инспекциясы мамандарының айтуынша, бүгінде 12 көп қабатты үйді жаңартуға бюджеттік тапсырыс берілген. Қаржы түскен бетте жөндеу жұмыстары басталады. Ал облыс орталығында модернизациялауды қажет ететін әлі де 220 үй бар.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Наталья Салькова, Айнадин Молдабеков