Ақтауда 33 жастағы қызметкер электр тогына түсіп, көз жұмды

Фото: depositphotos.com

Ақтаудың 28-шағынауданындағы тұрғын үйдің жертөлесінде «Қазақтелеком» АҚ қызметкері жұмыс кезінде электр тогына түсіп, қаза тапты, деп хабарлайды «24KZ» Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға «Қазақтелеком» АҚ бөлімшелерінің бірінің бригадасы жұмыс жүргізіп жатқан кезде болған.

Жұмыс барысында қызметкер электр кабельдері орналасқан лотоктың үстіне пластик құбырды бекіту кезінде ток соққан. Құтқару және реанимациялық шаралар жүргізілгенімен, зардап шеккен адам көз жұмды.

Оқиғаға байланысты Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті арнайы тергеу жүргізу үшін комиссия құрды.

«Оқиғаның куәгерлерінен жауап алынып, оқиға орны тексерілді. Жазатайым оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Қосымша ақпарат тергеу қорытындысы бойынша беріледі», – деді ведомство басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Кемалов.

Маңғыстау облысының полиция департаменті оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 156-бабы – «Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

Қаза тапқан қызметкер 33 жаста болған.

«Қазақтелеком» АҚ баспасөз қызметі марқұмның отбасына көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

«21 қыркүйекте Ақтауда жұмыс кезінде жазатайым оқиға болып, соның салдарынан компания қызметкері қаза тапты. Қаза тапқан азаматтың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз. Отбасына, оның ішінде жерлеуді ұйымдастыруға жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. Сондай-ақ компанияда қолданыстағы әлеуметтік кепілдіктер аясында тиісті төлемдер қарастырылған», – делінген компания хабарламасында.

Оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: