Еңбек күні қарсаңында Президент атынан мемлекеттік наградалар табыс етілді
Еңбек күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан түрлі кәсіп өкілдеріне мемлекеттік наградалар табысталды.
Айтулы датаға орай Премьер-Министр Олжас Бектенов «Еңбек – ел мұраты» іс-шарасына қатысып, халықты жұмыспен қамту, кадр даярлау және өндірістік қауіпсіздік саласындағы ЖИ элементтері бар заманауи шешімдермен танысты. Бүгінде 9,4 млн адам еңбекпен қамтылып, жыл басынан бері 475 мыңнан астам азамат жұмысқа орналасты. Электрондық еңбек биржасында 800 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылған. Елде жаңа «Жұмыспен қамту» бағдарламасы әзірленіп жатыр. Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Еңбек адамына ерекше мән беретінін атап өтті. Қазақстанда Еңбек күні Мемлекет басшысының бастамасымен 2013 жылдан бері аталып өтеді.
Қайрат Шағырбай, «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС Түркістан пайдалану локомотив депосының машинисі:
- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына көп рақмет және өзімнің әріптестерім, ұжымдастарыма көптен-көп рақметімді айтамын. Алдағы уақытта осындай іс-шаралар көп болып, келешек ұрпаққа өнеге болсын деп тілеймін.
Бейбітгүл Шонкенова, «Тарбағатай ауданы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ әлеуметтік жұмыскері:
- Мен Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылынан келіп тұрмын. Қарапайым жұмысшылар, еңбек адамына көңіл бөліп, Астанаға шақырып марапаттап жатқанына алғысымды айтамын.
Іс-шара аясында жұмыспен қамтылмаған азаматтарды автоматты түрде анықтайтын және оларға жұмыс орындарын ұсынатын Жұмыспен қамтудың цифрлық қызметі платформасы таныстырылды. Жаңа жоба Павлодар және Маңғыстау облыстарында 59 мыңнан астам азаматты қамтыды. Қараша айынан бастап, жүйе басқа өңірлерге кеңінен таратылады.
Бахтияр Жазықпаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:
- Шілде айынан бастап, біз «Жұмыспен қамтудың цифрлық қызметі» атты жаңа жобаны іске қостық. Жоба – азаматтарды проактивті түрде еңбекпен қамтуды көшуді көздейді. Бұрын азамат мансап орталығына өзі жүгінетін болса, енді бұл процесс толықтай цифрлық форматқа көшіп жатыр. Яғни цифрлық түйіндеме мен жасанды интеллект арқылы азаматқа сәйкес бос жұмыс орындары ұсынылады.