Түркістанда «Ауыл аманаты» арқылы қолдау тапқан шеберхана жұмысы жанданды

Түркістан облысындағы ұлттық аспаптар мен ағаштан жасалған бұйымдар өндіретін шеберхана өз кәсібін кеңейтіп келеді.

Қарғалы ауылының тұрғыны «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қаржылай қолдау алып, ағаш өңдейтін қондырғылар сатып алған. Бүгінде шеберханада ұлттық нақыштағы түрлі бұйымдармен қатар музыкалық аспаптар да жасалады. Кәсіпкердің айтуынша, мемлекеттік қолдау өндіріс көлемін арттырып, кәсібін дамытуға мүмкіндік берген. Мамандардың пікірінше, ауылдағы кәсіпкерлікті қолдау – экономикалық белсенділікті арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашудың маңызды тетігі.

Анарбай Ахметов 20 жылдан бері домбыра жасайды. Бүгінде оның қолынан шыққан ұлттық аспаптар күйшілер арқылы ұлттық өнерді насихаттауға үлес қосып жүр. «Бұрын бір домбыраны жасауға бірнеше ай кететін», - дейді шебер. Былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 8 млн теңге жеңілдетілген несие алып, шеберхана ашқан. Ағаш өңдейтін қондырғылар сатып алып, жұмысы жеңілдегенін айтады.

Анарбай Ахметов, ұста:

- Мынау – қарағаштан дайындалған ағаш. Тіліп, осындай етіп дайындап қоямыз. Сөйтеміз де мынаны суға салып тұрып, мына пешке иеміз. Осы көлемге келтіріп барып, шанағы мынадай болып жасалады. Біз мынаны бұрын қолмен оятын едік, енді қазір станокпен ойып аламыз. Сосын мынаған жапсырамыз. Жұмысымыз жеңілдеді.

Ағаш ұстасы домбырадан бөлек, қобыз, астау, кесе, келі-келсап және күбі сияқы күнделікті қолданатын тұрмыстық бұйымдарды да жасайды. Жаңа қондырғымен жұмыс істеуді балалары да үйреніп алған.

Біржан Ахметов, А. Ахметовтің ұлы:

- Бұл станоктар келгелі бері дұрысталып қалды. Уақытты үнемдеп, көлемдерге келтіру ыңғайлы болуда. Істеген жұмысымыз да алға басып, жүріп жатыр. Біз ауылды жерде болғандықтан көбінде шәй үстелдерге, күбілерге, тұрмыстық заттарға, нан турайтын тақтай, пышақтарға сұраныс көп болады.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы іске қосылған 3 жылда Отырар ауданында 1 млрд теңгенің 178 жобасы іске асты. Биыл жобаға Игілік, Аққұм, Талапты және Көксарай ауылдық округтері еніп отыр.

Нұрлыбай Жүсіпбек, аудандық Ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Бүгінге дейін 35 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 363 млн теңге қаржысын алды. Негізгі мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, құс және балық шаруашылығы бағыттарына басымдық берілуде.                                                                                                                                                                   

2023 жылдан бері Түркістан облысында 30,2 млрд теңгеге 4 223 жоба қаржыландырылды. Осы жобалар есебінен жыл сайын 80 млрд теңгенің өнімі өндіріледі. Биыл бюджетке 63 млн теңге салық түскен. Ағымдағы жылы бағдарлама аясында 15,3 млрд теңгеге 1 115 жобаны жүзеге асырып, 2 400 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Сондай-ақ оқыңыз: