Абай облысында бір күнде 20 наркограффити жойылды
Абай облысында полицейлер мен жастар бір күнде 20 есірткі жарнамасы бар жазуды анықтап, жойды, деп хабарлайды «24KZ».
Абай облысы Полиция департаментінің мәліметінше, барлығы 30-ға жуық заңсыз граффити жойылған.
Наркограффити көбіне тұрғын үйлердің қабырғаларына, қоршауларға, гараждарға және басқа да қоғамдық нысандарға жазылады. Онда есірткі заттарын заңсыз жарнамалайтын немесе олардың таралуына ықпал ететін ақпараттар болады.
Қазір облыста қоғамдық орындардағы заңсыз жазуларды анықтау және жою бойынша профилактикалық рейдтер жалғасып жатыр. Тәртіп сақшылары анықталған заңсыз жазуларды бояу арқылы жойып, тиісті шаралар қабылдауда.
Шаралардың негізгі мақсаты – тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру және есірткі жарнамасының таралуына жол бермеу.
Сонымен қатар граффитиді қайта салудың алдын алу үшін түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Полиция тұрғындарды белсенді болуға шақырады. Көшелерден немесе аулалардан күмәнді жазуларды байқаған жағдайда, бұл туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлау қажет.
Ведомство атап өткендей, заңсыз граффитиді жою – қаланың сыртқы келбетін сақтау ғана емес, есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған жұмыстардың маңызды бөлігі.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз