Шымкентте жылыту маусымына дайындық қызды

Шымкентте жылу желілерін жаңғырту жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Осыған байланысты қаланың бірнеше бөлігінде көшелер жабылып, көлік қозғалысы уақытша шектелді. Сала мамандарының мәлімдеуінше, мердігерлер жұмысты мерзімінде аяқтауға міндеттелген. Биыл бұл салаға жергілікті бюджеттен 1,5 миллиард теңге бөлінді. Ұлттық жоба аясында да ауқымды жұмыстар қолға алынды.

Жылу беру маусымының қарсаңында коммуналдық секторды жаңғырту жұмыстары қарқын алды. Ішкі орамдық және магистральдық құбырларға тексеру жүргізіліп, апаттың алдын алу мақсатында 45 учаскеге жөндеу жобасы жасалды. Алайда металдың жұқарған тұстары мен тот басқан жерлерін жаппай ауыстыру қоғам өміріне біршама қолайсыздық тудырды.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Қала аумағындағы бірқатар көше мен шағын аудандарда көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды. Ауқымды жұмыстарға байланысты қоғамдық автобустардың бағыты өзгертіліп, қозғалыстың балама сызбасы әзірленді. Сала мамандарының айтуынша, жылу беру маусымына дейін жалпы ұзындығы 18,5 шақырым жылу желісі жаңғыртылады.

Мердігерлер күшейтілген жұмыс кестесіне ауысып, жобаны мерзімінде аяқтауға міндеттелді. Биыл жергілікті бюджеттен құбырларды жаңартып, ақауларды жоюға 1,5 миллиард теңге бөлінді. Ал Ұлттық жоба аясында коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғыртудың төрт жылдық жоспары жасалды. Желілердің тозу деңгейін төмендетуге 5,8 миллиард теңге бағытталып отыр.

Айдарбек Қалдыкөзов, қалалық "Қуат жылу орталық-3" МКК директорының орынбасары:

- Қала бойынша 37,3% тозу деңгейі. Ағымдағы жөндеу жұмыстары арқылы біз бірден 3% дейін түсіріп жатырмыз. Біз соны 35% дейін түсіреміз деген жоспар. 

Қаладағы әлеуметтік нысандар қысқы маусымға толық дайын. Ал көппәтерлі тұрғын үйлердің даярлығын тұрғындардың өздері мен басқару органдары бақылауда ұстауға тиіс. Мұнда да ішкі жүйелерге жасалған сығымдау жұмыстарынан кейін құбырлардың тозған тұстарын жаңарту қолға алынды.

Ерхат Асанов, қала тұрғыны:

- Бұл жерде тұрып жатқаныма 12 жылдан асты. Енді жылу жүйесі жағынан келетін болсақ осы уақытқа дейін бәрі жақсы болған. Бірақ былтыр трубалардың бәрі шіруі басталды. Жылу болмаса салқын болады ғой. Кәдімгідей білінеді. Биылдыққа енді мынау жаман емес. Жаңа трубаларға ауысқаннан кейін жақсы болатын шығар деп отырмыз. 

Қала билігі тұрғындарды уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауға шақырып отыр. Ал үйлерге жылу беру қарашаның алғашқы аптасына жоспарланған. Шешім ауа температурасының төмендеуіне байланысты қабылданады.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов

Сондай-ақ оқыңыз: