Қазақстан жастарының 80%-дан астамы ел болашағына сенімді
Қазақстан жастарының 80%-дан астамы елдің болашағына сеніммен қарайды. Бұл – «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген зерттеу нәтижелері, деп хабарлайды «24KZ».
Сауалнамаға қатысқандардың 75%-дан астамы қазіргі өміріне, 77%-ға жуығы алған білімінің сапасына көңілі толатынын жеткізген. Ал жастардың 60%-дан астамы білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні оқытуды маңызды деп санайды.
Бүгінде елімізде 6 миллионға жуық жас бар. Соңғы бес жылда білім гранттарының саны 1,5 есеге артты. Осы кезеңде 250-ден астам студенттік жатақхана пайдалануға беріліп, орын тапшылығы алты есеге азайды.
1,4 миллионға жуық жас жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. 190 мыңға жуық жас кәсіпкерлік негіздерін меңгерсе, 22 мыңнан астамы өз кәсібін ашуға мемлекеттік грант алды.
35 жасқа дейінгі азаматтарға арналған жеңілдетілген «Наурыз» және «Отау» тұрғын үй бағдарламалары да іске асырылып жатыр.
Жас таланттарды қолдауға да басымдық беріліп отыр. Биылдың басынан бері 1,5 мыңнан астам оқушы мен студент республикалық және халықаралық байқаулар мен фестивальдерге қатысып, 1,2 мыңнан астамы жеңімпаз және жүлдегер атанды.
Қазір еліміздің барлық өңірінде жастарға арналған креативті хабтар жұмыс істейді. Мұнда өнер, кино, медиа, IT және цифрлық бағыттағы жобалар жүзеге асырылады.
Сонымен қатар жастардың қоғамдық өмірге араласуына жағдай жасалуда. Президенттік жастар кадр резервіне өткен төрт іріктеуге 60 мыңға жуық үміткер қатысып, 500 адам резервке алынды. Олардың 418-і жауапты қызметтерге тағайындалды.
Бүгінде Қазақстанда 300 мыңнан астам жас волонтерлікпен айналысады.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз