Павлодарлық полиция қызметкері төрт тілді еркін меңгерген
«Ұлтым — орыс, тілім — қазақ». Павлодар қаласының патрульдік полиция батальонында қызмет ететін инспектор Захар Стрельников осылай дейді. Мемлекеттік тілді еркін меңгерген полицейдің тілге деген құрметі бала кезінен қалыптасқан. Түркістан облысының Сайрам ауданында дүниеге келген Захар көпұлтты ортада өсіп, әртүрлі мәдениет пен дәстүрді бойына сіңірген. Бүгінде ол қазақ, орыс, өзбек және түрік тілдерінде еркін сөйлейді, деп хабарлайды 24KZ.
Полиция қызметі — Захар үшін жай ғана мамандық емес, бала күнінен жүрегінде жүрген арманы. Сол арман оны құқық қорғау саласына алып келді. Астанада Ұлттық ұлан қатарында әскери борышын өтеп, жоғары білім алған жас маман 2023 жылы Павлодар полициясының сапына қосылды.
Захар Стрельников, облыстық ПД патрульдік полиция инспекторы:
— Негізі, Жібек жолы ауылында ұлт көп. Өзбек, қазақ, түрік – бәріміз бірге өстік, бір мектепте оқыдық. Өзім орыс сыныбын бітірдім, 11-сыныпқа дейін оқыдым. Жолдастарым, достарымның бәрі қазақ болды, солардан үйрендім. Әскерге барған кезде де, оқуға түскен кезде де қазақ тілі маған өте көп көмектесті.
Захар бүгінде ел тыныштығын күзетіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүр. Оның айтуынша, полицей болу — үлкен жауапкершілік әрі туған елге қызмет етудің абыройлы жолы.
Захар Стрельников, облыстық ПД патрульдік полиция инспекторы:
— Байланыс тобында жұмыс істеймін. Біздің батальонда оны «связь» деп атайды. Бейнежетондарды тексеремін, барлық базаларды қарап, олардың қалай жұмыс істеп тұрғанын бақылап отырамын. Сапқа тұрғызу кезінде кезінде бейнежетондарды таратып беремін, қуаттап қоямын, ал кешке қайта жинап аламын.
Захардың тілге деген қызығушылығын әріптестері жоғары бағалайды. Олардың айтуынша, полиция қызметінде бірнеше тіл білу өте маңызды. Бұл халықпен еркін сөйлесіп, әр адамды жақсы түсінуге көмектеседі.
Ғабит Әзбердиев, облыстық ПД батальон командирінің орынбасары:
— Біздің Захар төрт тілді меңгерген: қазақ, орыс, түрік және өзбек тілдерін біледі. Қазіргі таңда бізге осындай инспекторлар мен қызметкерлер қажет, өйткені шетелден азаматтар көп келеді. Захар шетелден келген азаматтармен еркін сөйлесе алады.
Захар Стрельниковтың зайыбы — қазақ қызы. Бүгінде бір қыз тәрбиелеп отыр. Ол қызының қазақы тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өскенін қалайды.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков