Қазақстан Ауғанстан арқылы теміржол салады
Қазақстан жердің кіндігінде орналасқанымен 4 мұхиттан да шалғай жатыр. Ал жаһанда тауар атаулының 80 пайызы дәл осы су жолы арқылы тасылады. Біз батыс пен шығысты, оңтүстік пен солтүстікті жалғасақ та осы тұста әлсізбіз.
Дегенмен мұхитқа төтелей шығып кетуге мүмкіндік бар. Бұл үшін Қазақстан Ауғанстанда жол салады. Теміржол Өзбекстан, Ауғанстан мен Пәкістан арқылы Үнді мұхитына шығады. Енді жоба қалай жүзеге асады?
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Қазақстан Ауғанстанда теміржол салады. Астанада біздің елдің Көлік министрлігі Өзбекстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілдерімен кездесіп, үшжақты меморандумға қол қойды. Құжатқа сай жұмыс тобы құрылып, алдағы уақытта құрылыстың жай-жапсарын талқылайды. Жаңа жоба Үнді мұхитына жол ашады. Қазір бұл бағытта кедергі көп. Себебі Ауғанстанда теміржол жоқ. Мәселен, Сарыағаштан Пәкістан айлақтарына жүк жеткізу үшін алдымен Өзбекстанды пойызбен кесіп өту керек. Ал ауған жерінде ол жүкті автокөліктерге тиеу қажет. Одан кейін Пәкістан шекарасында көліктен түсіріп, пойызға қайта артуға тура келеді. Соның салдарынан тасымал шығыны да көп және жүкті жеткізу мерзімі де ұзақ болып тұр.
Ерсұлтан Ержанов, ҚР Көлік министрлігі теміржол және су көлігі комитетінің басқарма басшысы:
- Бұл жерде бізде үш маршрут қарастырылуда. Осы жаңа айтып кеткендей, жұмыс тобының отырысында ол мәселе қарастарылатын болады. Ең тиімді және ең қысқа маршруттарды қарайтын боламыз. Өздеріңіз білетіндей, бізде қазір Ауғанстан жерінде теміржол жоқ. Біздің басты мақсат – Пәкістанның теңіз порттарына шығу.
Орталық Азия – Оңтүстік Азия деп аталатын жоба бірнеше жыл бойы талқыланып келді. Шығыс Еуропадағы жағдай ушыққалы жобаның маңызы тіпті артты. Таяу Шығыстағы қақтығыс та логистиканың бұрынғы бағыттарын өзгертуге мәжбүрлеп отыр. Ал жаңа жол бұл аймақтарды айналып өтіп, әлемдік нарыққа кедергісіз шығуға мүмкіндік береді. Бастысы біздің ел бұған дейін де ауған жеріндегі теміржол құрылысына қатысқан еді.
Ерсұлтан Ержанов, ҚР Көлік министрлігі теміржол және су көлігі комитетінің басқарма басшысы:
- Осы жақында Хавгерат учаскесі Ауғанстанда ашылған болатын. Шамамен 130 километрді құрайды. 130 километрдің 45 километрін бидің Интрегра Констаркшн компаниясы соққан. Ол деген ұзын емес, 120 шақырым. Ал мынау меморандум аясында қарастыратын маршрутымыз, ол деген толыққанды теміржол дәлізі. Өзбекстаннан Пәкістанға дейін жалғайтын теміржол дәлізі. 700 шақырым, 800 шақырым деп айтсақ, қателеспейміз.
Иә, 800 шақырым жақын жер емес. Сондықтан үш мемлекет құрылысты бірлесіп жүргізуге уағдаласып отыр. Министрлік өкілінің айтуынша, жоба келесі жылы бастау алуға тиіс. Бас-аяғы екі жыл ішінде толық салып бітіру жоспары бар.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Досбол Байділда