«Гулливер» атанған сарбаз: Шымкентте 47 өлшемді аяқ киім киетін ұландық қызмет етеді

ҚР ІІМ Ұлттық ұланы

Шымкент көшелерінде бойы екі метрге жуық, 47 өлшемді аяқ киім киетін сарбаз патрульдік қызмет атқарады. 19 жастағы Денис Мухин ҚР ІІМ Ұлттық ұланы қатарында қызмет етіп жүр. Бойымен ғана емес, қазақ тілін еркін меңгеруімен де ерекшеленетін сарбазды қаруластары әзілдеп «Гулливер» деп атап кеткен, деп хабарлайды «24KZ».

Денис Мухин Алматы облысынан мерзімді әскери қызметке шақырылған. Әскерге дейін Талғар политехникалық колледжін «автоэлектрик» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Жас сарбаздың бойы ғана емес, аяқ киімінің өлшемі де назар аударарлық. Ол тоғызыншы сыныпта-ақ 45 өлшемді аяқ киім киген. Қазір оған 47 өлшем қажет.

Әскери қызметінің алғашқы күндерінде Дениске шақ келетін аяқ киім табу оңай болмаған. Оқу пунктінде тиісті өлшем іздестірілгенше, бірнеше күн әскери бөлім берген кроссовкамен жүруге тура келген.

Көп ұзамай тыл қызметі 47 өлшемді аяқ киім тауып берген. Содан бері үлкен өлшемді әскери етік сарбаздың күнделікті әскери киімінің бір бөлігіне айналған.

Денис бала кезінен волейболмен айналысады. Оның айтуынша, бойы мен аяқ киімінің үлкен болуы әкесінен дарыған.

Қазір ол Шымкент қаласындағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6506 әскери бөлімінде патрульдік қызмет атқарады. Күн сайын қала көшелерін аралап, тұрғындар мен қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысады.

Жас сарбаз қазақ тілін жақсы меңгерген. Қызмет барысында қаруластарымен және қала тұрғындарымен қазақша еркін сөйлеседі.

Шымкент көшелерінде бойы ұзын сарбазды тұрғындар жиі байқайды. Ал әскери бөлімдегі қаруластары Денисті әлдеқашан «Гулливер» деп атап кеткен.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: