Түркістан облысында жол құрылысынан 241 кемшілік анықталды

Түркістан облысында сапасыз салынған 15 мың шаршы метр асфальт қайта төселді. Мердігерлер жол төсемін өз есебінен қайта жүргізуге міндеттеліп, жалпы сомасы 10 млн теңге айыппұл салынды. Бұл туралы Ұлттық сапа орталығының өкілдері мәлімдеді. 

Асфальт төсеу технологиясы сапа талабына сай болуы керек. Осыған байланысты бақылаушы мамандар құрылыс учаскелеріне 950-ден астам тексеру жүргізіп, 241 ақау актісін түзді. Зертханалық талдау қорытындысына сәйкес жол жабынындағы кемшіліктерге асфальт-бетон құрамының бұзылуы және оны тығыздау жұмыстарының салғырт атқарылуы себеп болған. 

Ерлан Төребаев, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалының зертхана меңгерушісі:

- Сапа талабына сәйкес келмеудің негізгі себептері асфальт-бетон зауыттарындағы құрамның рецептурасының бұзылуы және зауыттан нысан басына дейінгі асфальт бетон қоспасының температурасы төмендеп кетуіне байланысты. Тығыздаушы каток саны мен жүріс санының аз болуына байланысты. 

Зертхана жұмысы толықтай автоматтандырылған. Барлық өлшеу құралдары, таразы мен пресстер орталықтандырылған компьютерлік жүйеге тікелей қосылған. Яғни құрылғылардан шыққан мәлімет қолмен енгізілмейді. Сала мамандарының айтуынша, цифрлық жоба сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға септігін тигізеді. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Өңірде 29 асфальт-бетон зауыты бар. Биыл олардың тоғызында өнім құрамындағы қоспалардың рецептурасы талапқа сай еместігі анықталды. Мониторинг қорытындысы бойынша кәсіпорындардың жұмысы уақытша тоқтатылып, жабдықтарын жаңартуға міндеттелді. 

Биыл облыс аумағында 360 шақырым жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Жол сапасын жақсартуға бюджеттен 17,5 млрд теңге бөлінді. Құрылыс компанияларының жұмысы кемшіліктерді жойған жағдайда ғана қабылданады. Осы мақсатта жалпы сомасы 119 млн теңгенің асфальт жабындысы мердігер есебінен қайта төселді. 

Мейіржан Жалайыров, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының м.а.:

- Жол құрылысы сапасын арттыру мақсатында басқарма тарапынан құрылыс нормативтік талаптарға сәйкес келмейтін сынамалар бойынша мердігер мекемелерге жалпы 10 млн-нан астам айыппұлдар салынып, 15 шаршы метр асфальттар қайта алынып, қайта төселінді. 

Жыл қорытындысында қанағаттанарлық жолдардың үлесі 95,8% жетеді деп жоспарланған. Мердігер компаниялардың міндеттемелеріне қойылатын кепілдік мерзімі ұзартылды. «Бұл жол сапасын жақсартып, кемшіліктердің алдын алуға мүмкіндік береді», - дейді мамандар. 

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов

Сондай-ақ оқыңыз: