Мемлекеттік тіл – маманның таңдауы
«Науқастармен қазақ тілінде сөйлесіп, мемлекеттік тілде қызмет көрсету, жұмысты жеңілдетті», - дейді татар мен орыс ұлтының қыздары.
Түркістан облысы Ордабасы аудандық көпбейінді ауруханасында жұмыс істейтін Жамила Вагазова мен Кристина Сустатованың қазақ тіліне құрметі ерекше. Айтуларынша, бұл тек қажеттілік емес, елге деген құрмет.
Жамила Вагазова аудандық ауруханада 12 жылдан бері көз дәрігері болып қызмет етеді. «Алдыңа келген науқасты жылы қабылдап, қазақша сөйлесең, көңілі көтеріліп қалады», - дейді білікті дәрігер. Әрі тез тіл табысатынын айтады. Жергілікті халықтың басым көбі қазақ тілінде тілдеседі. Сондықтан оған науқастардың бәрі құрметі ерекше.
Құлтас Ахметов, Бөріжар ауылының тұрғыны:
- Екі аптада бір келіп тұрамын. Дәрі-дәрмек аламын, ем аламын. Мен ол қызымызға өте ризамын. Рақметтен басқа айтарым жоқ. Қызымыз қазақ тілінде өте керемет сөйлейді, көңіліміз толады. Көп қазақтың орыс тілділеріне қарағанда өте таза, жатық сөлейледі.
Түлкібас тумасы Жамила Вагазова «қазақтың ортасында өскен соң, тілін де үйрендім», - дейді. Қазақтың салт-дәстүрін де жақсы біледі. Күніне оннан аса науқасқа қызмет көрсететін офтальмолог дәрігер тілдің жұмысына көп көмегі тиетінін айтады.
Жамила Вагазова, аудандық көпбейінді аурухананың офтальмолог дәрігері:
- Мен үшін қазақ тілі тек мемлекеттік тіл емес, ол – күнделікті өмірде сөйлейтін тіл. Бір күні маған бір науқас келді, үндемей отыр. Мен «неге үндемей отырсыз?» деп сұрағанда, ол қуанып кетті. «Орысшамды бәрін жинап, қалай айтамын деп тұрған едім», - дейді. Мен қазақша айта беріңіз деп едім, ол қуанып кетті.
Осы аурухананың мейірбикесі Кристина Сустатова да мемлекеттік тілді жетік біледі. Қазақ тілі – қатынас құралы ғана емес, күнделікті сұранысқа ие құндылыққа айналып келе жатқанын айтады. Оны өзі мақтан тұтады.
Кристина Сустатова, аудандық көпбейінді аурухананың аймақтық мейірбикесі:
- Менің ұлтым – орыс. Әке-шешемнің де ұлты орыс. Бәріміз Қазақстанда тұрғандықтан қазақша сөйлейміз. Мектепте орыс сыныбын бітіргенмін, бірақ қазақша бала кезімнен сөйлеймін. Бұрын қазақ тілінде тек ауылдарда сөйлейтін еді. Қазір үлкен қалалар да басқа ұлттардың арасында қазақша сөйлеу трендке айналып жатыр.
Ордабасы аудандық көпбейінді ауруханада өзге ұлттардың жиырмадан астам өкілі жұмыс істейді. Барлығы да қазақ тілін меңгеріп алған. Аурухана басшылығы дәрігерлердің тілді жетік білуі - халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуде пайдасы зор екенін айтады.
Әйгерім Иманова, аудандық көпбейінді аурухана бас дәрігерінің орынбасары:
- Қазақ тілінде, өзіміздің ана тілімізде жүз пайыз жақсы меңгерген, жақсы сөйлейді. Науқастарды қабылдау барысында ешқандай кедергілер туындаған емес. Олар әдеби тілде, көркем сөйлей де алады.
Мамандар облыстағы денсаулық сақтау мекемелерінде жұмыс істейтін жүзге жуық этнос өкілінің көпшілігі мемлекеттік тілде жатық сөйлейтінін айтады. Қазіргі таңда қоғамда қазақ тілінде сөйлеу шын мәнінде жаңа мәдени трендке, яғни сәнге айналып келеді. «Бұл үрдіс, әсіресе жастар мен қала тұрғындары арасында да ерекше байқалады», - дейді бүгінгі кейіпкерлер.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш