Қазақстан мен Қытай арасында барыс-келіс артты
Көрші елден келетін туристер саны өткен жылдармен салыстырғанда 46 пайыздан асты, деп хабарлайды 24KZ.
Қытайға саяхаттайтын қазақстандықтардың да қатары жылдан жылға көбейіп келеді. Жыл басынан бері екі елдің шекарасынан автомобиль жолдары арқылы өткен жолаушы саны 1 млн-нан асты. Трансшекаралық сапарлар да көбейген.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
– Өзара визалық талаптардан босату туралы қазақ-қытай үкіметаралық келісіміне үш жылға жуықтады. 2023 жылы қабылданған шешім қазір нақты жемісін беріп жатыр. Талай кедергі жойылып, барыс-келіс жылдан жылға артып келеді.
Кәсіпкерлер де, саяхатшылар да, қарапайым адамдар да шекарадан еркін өтіп, кіріп-шығып жүр. Бұған әсер еткен тағы бір фактор әуе қатынастарының кеңеюі. Қазір Қазақстан мен Қытай арасында 17 бағыт бойынша аптасына тұрақты түрде 90-нан астам рейс қатынайды. Оның ішінде Астана, Алматы, Шымкенттен Қытайдың 7 қаласына тікелей рейстер бар. Әсіресе Үрімжідегі «Тянь-Шань» халықаралық әуежайы арқылы қатынас белсенді. Ресми статистикаға сәйкес биыл алғашқы жарты жылдықта Қазақстанның 410 мыңнан астам азаматы Қытайға келіп кетсе, бұл жақтан 560 мыңға жуық адам біздің елге барып қайтқан. Жалпы қытай халқы туризмге аса құмар. Тапқан-таянғанын саяхатқа жұмсайды. Қазір Қытайда республика күні басталды. Ұлттық мереке бір апта бойы тойланады. Осыған байланысты жергілікті жұрт демалысқа аттанып жатыр. Қытайдың көлік министрлігі алдағы бір аптада жолаушылар ағыны 2 миллиардтан асатынын мәлімдеді. Брондалған халықаралық авиабилеттердің көлемі 22 пайызға артқан. Ал пойызбен 204 миллионға жуық адам қатынайды деп күтілуде. Одан бөлек авто және кемемен жүретіндер бар.
Ду Тао, Бейжің халықаралық әуежайы жедел орталығының кезекші менеджері:
– Мұндай жолаушылар ағыны азаматтық авиация тарихында бұрын-соңды болмаған. Мереке күндері тәулігіне 245 мың адамға қызмет көрсетіледі. Ең көп жүретін бағыттар бұл Шанхай, Чунцин, Шэньчжень, Чэнду шаһарлары. Қазір барлық әуежайларда қауіпсіздік шаралары күшейтілген.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қытайлар бұл мерекені халық арасында «Алтын апта» деп те атайды. Жергілікті жұрт жеті күні бойы демалады. Вокзал, әуежайлар лық толады. Осы күндері Қазақстанға саяхаттап баратын қытайлықтар саны да артуы мүмкін. Ал Қытайға сапарға шыққалы жүрген қазақстандықтарға аса қажеттілік болмаса жолға шықпаған дұрыс.
Автор: Руслан Бақытбекұлы