Алматыдағы ғылыми орталықтағы өртке қатысты жалған ақпарат тарады
Әлеуметтік желілерде Алматыдағы аса қауіпті инфекциялар ғылыми орталығынан шыққан өртке қатысты бұрмаланған ақпарат тарап жатыр.
Еске салсақ, қыркүйектің 21 күні Масғұт Айқымбаев атындағы ұлттық ғылыми орталығының екінші қабатынан от шыққан еді. Жалын 20 шаршы метр аумаққа тарап, тұрмыстық техника мен заттар жанған. Өрт 45 минутта толық сөндірілді. Ешкім зардап шекпеді. Денсаулық сақтау министрлігі бірден мамандандырылған зертханаларға зақым келмегенін мәлімдеді. Яғни жұқпалы аурулардың таралу қаупі жоқ. Алайда әлдебіреулер бұл мәліметті бұрмалап, дақпырт шығарып жатыр. Құзырлы органдар мұндай ақпараттық манипуляцияларға сенбеуге және кез келген ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеруге шақырады.