Қолайсыз ауа райы: Полиция жүргізушілерге ескерту жасады
Солтүстік өңірлерде ауа райының күрт құбылуына байланысты полиция жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге ескерту жасады, деп хабарлайды «24KZ». Өткен аптадан бері өңірде ауа райы тұрақсыз болып тұр, алдағы уақытта қатты жел соғып, жауын-шашын, қар, бұршақ түсіп, жолдарда көктайғақ пайда болуы мүмкін.
Осыған байланысты тәртіп сақшылары тұрғындарды жолда аса сақ болып, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Мамандар жүргізушілерге ауа райы мен жол жағдайын ескере отырып, жылдамдықты төмендетуді, көліктер арасындағы қауіпсіз арақашықтықты сақтауды, сондай-ақ күрт маневрлер мен шұғыл тежеуден аулақ болуды ескертеді.
Ауа райы толық тұрақталғанға дейін алыс жолға шықпаған жөн. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер де тайғақ жолда аса байқаулы болып, жолды тек белгіленген орындардан кесіп өтуі тиіс. Көліктің тоқтау жолы тайғақ кезінде ұзаратынын ескерген абзал. Полиция қауіпсіздік ережелерін сақтау жол-көлік оқиғаларының алдын алып, адам өмірін қорғаудың басты кепілі екенін еске салады.